Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова айтты.
Тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімті ету үшін Астанада учаскелер саны артты.
«2018 жылдың басында 1 дәрігерлік учаскеге 2200 адамнан келетін. Сондықтан қосымша тағы 134 учаске ашылды және қазір 1 учаскеде 1700 адам бар. Сонымен бірге, тұрғындардың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін әкімдік «Үйдегі дәрігер» жобасын іске асыруды бастады», - деді Әлия Рүстемова Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, «Үйдегі дәрігер» - тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында ашылатын ықшам дәрігерлік амбулаториялар. Биыл 8 амбулатория ашылды және тағы 11 нысанды ашу жоспарланып отыр.
«2023 жылға дейін халық тығыз орналасқан аудандарда, әсіресе қала маңайында тағы 40 дәрігерлік амбулатория ашу жоспарда бар», - деді Ә. Рүстемова.