2023 жылы Абай облысында ауыз сумен қамту бойынша 33 жоба іске асады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – 2023 жылы Абай облысында сумен жабдықтау желілерін салудың 33 жобасы іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Семей қаласындағы Березовский, Лодочный, Мұрат, Половинки кенті мен Алматы көшесіне су құбыры тартылады. 2024-2025 жылдары Бобровка, Восход, Водный, Зағиптар қоғамы, Красный кордон ықшам аудандарына сумен жабдықтау желілері салынады. «Қазіргі уақытта Абай облысының орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі 91,9 пайызды құрайды. Өңірдің 327 елді мекенінің 138-і сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Облыс халқын 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 52 жобаны аяқтау қажет. 2023 жылы біз оның 33-ін салуды және кейбір қолданыстағы желілерді қайта іске қосуды жоспарлап отырмыз» дейді Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының сумен қамту бөлімінің басшысы Құралай Дүйсенбаева.

Қазіргі таңда облыс бойынша су құбыры желілерінің орташа тозуы 51 пайызды (Семей қаласы - 66 %, Аягөз қаласы - 65 %, Курчатов қаласы - 85%) құрайды. Абай облысын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 2025-2027 жылдары Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту көзделуде.