2023 жылы бюджет кірісі 13,9 трлн теңгеге жетеді – Әлібек Қуантыров

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай Қазақстан бюджетінің кіріс бөлігі 16,2 трлн теңгеге жетеді. Мұндай болжамды ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың келесі үшжылдыққа арналған параметрлерін қалыптастыру кезіндегі негізгі лейтмотив Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттерін іске асыру болды.

Осылайша, 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалған», - деді ол Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бұған дейін болжанған мөлшерден көп болуы керек.

«2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері болжам бойынша ағымдағы жылдың нақтыланған жоспарынан 36,4%-ға өсумен 13,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ –ге қатысты 11,5% деңгейін құрайды. Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 16,2 трлн теңгеге дейін немесе 17,2%- ға өсуі күтіледі», - деді Әлібек Қуантыров.




Фото: primeminister.kz