2023 жылы елордада 9 мектеп пайдалануға беріледі
14:23, 27 Желтоқсан 2022
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы оқу орындарының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы оқу жылында тағы 9 мектепті қолданысқа береміз. Мәселен бұл Рысқұлов көшесіндегі, Р.Қошқарбаев даңғылындағы, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы, Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысындағы және т.б. мектептер. Көктемде іргелес аумақты абаттандыруға кірісуді тапсырдым. Алдағы оқу жылында тағы 13 мектеп саламыз. Қалада ірі мектептер салынып жатыр. Мұндай мектептің әрқайсысы 4 мың оқушы орнын (2 ауысымда) ашуға мүмкіндік береді. Осылайша оқушы орындарына деген қажеттілік мәселесі едәуір шешіледі», - деп жазды қала әкімі желідегі парақшасында.
Әкімнің сөзіне қарағанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушы орнына (2 ауысымда) арналған жаңа форматтағы 25 мектепті жобалау жұмысы жүргізілуде. Жаңа форматтағы мектептердің құрылысын 2023 жылы басталмақ.
«Балабақша мәселесіне де көңіл бөлеміз: жақында Есіл ауданында (Күлтегін көшесі) мемлекеттік балабақша ашылды. Сол сияқты келер жылы жеке балабақшаларға 9 мың орынға арналған қосымша мемлекеттік тапсырыс орналастыруды жоспарлап отырмыз, осы арқылы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көлемін арттырамыз», - деді әкім.
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek