2023 жылы елорданың екі ауданында спорт кешендері салынады
«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 1016 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 32 ірі спорт нысаны бар. Бұларда күніне 7 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады.
Халықтың спортпен ерте жастан шұғылдануын қамтамасыз ету үшін, спортқа бұқаралық сипат беру үшін 2021 жылы Көктал, Өндіріс, Үркер, Железнодорожный тұрғын алабы сияқты шеткері аудандарда 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған болатын. Көктал мен Өндірісте екі кешен қолданысқа берілді. Железнодорожный мен Үркерде 2023 жылы пайдалануға беру жоспарлануда», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы кешеннің қазіргі ахуалына тоқталды.
«Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы футбол стадионы қайта жарақтаудан өтіп жатыр. Бұл стадион ескіріп болған деп айтуға болады. Қазір «Еуро-3» стандарты бойынша жоба іске асуда. Яғни стадионның сыйымдылығы 4,5 мың адамға жетеді. Алаңдағы шалғын жабынын UEFA сертификаттайды. Соның арқасында спорттық шараларды, Премьер-лига мачтарын оп-оңай өткізе аламыз. Бұл біздің Astana Artena-дан кейінгі қосымша стадионымыз болады.
Бүгінде «Қазақстан» спорт кешені реконструкцияланып жатыр. Бұрын ауданы 10 мың шаршы метр болса, тағы 4 мың шаршы метрге кеңейеді. Жаттығу залдары соңғы технологиялық бұйымдармен жабдықталады. Қазір бұл аумақ қалалықтар ең көп баратын орынның бірі», - деді әкімдік өкілі.