«Жетісу облысы әкімдігінің ақпараты бойынша Алакөл ауданы Лепсі ауылының спорт мектеп-интернатында 168 бала оқиды. Онда балалар 5 спорт түрімен (еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, бокс, шаңғы) айналысады. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін 2021 жылдан бастап «Дәулет Серпин 603» ЖШС мердігерлік ұйымы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын Алакөл ауданының Лепсі ауылында спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған жатақханасы бар 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуде», - деді Әлихан Смайылов жауабында.
Премьер-Министр дерегінше, қазіргі уақытта 1,6 млрд теңге игерілді. Дайындық 22 пайызды құрайды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл.
«Пайдалануға берілгеннен кейін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында қысқы спорт түрлері бойынша Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашу жоспарланған», - деді ол.
Сонымен қатар Үкімет басшысы 2023 жылы Текелі қаласында жергілікті бюджет қаражаты есебінен қысқы спорт түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашу жоспарланғанын атап өтеді.
«Ал Талдықорған қаласында және Ескелді ауданында жұмыс істеп тұрған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі базасында келесі жылдан бастап шаңғы жарысы бойынша бөлімшелер (саны кемінде 4 адамнан тұратын жаттықтырушы-оқытушылар құрамы) ашу жоспарланған», - деді Премьер-Министр.