2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Келер жылы атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің рөлін күшейтетін «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Ол өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге назар аударуға мүмкіндік береді.

Оның шеңберінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің рөлі күшейтіледі», - деді министр.

Айтуынша, аталған заң арқылы электр энергиясын орталықтандырылған тәсілмен сатып алуды және сатуды жолға қою көзделіп отыр.

«Сондай-ақ, нақты уақыт режимінде теңгерімдеуші нарықты енгізуге бағытталған нарықтың жаңа мақсатты моделіне көшу көзделіп отыр.

2023 жылдың 1 тоқсанында елдің барлық Жылу электр орталықтары және электр желілерінің аудиті аяқталады. Бұл проблемаларды және олардың ағымдағы техникалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді», - деді Болат Ақшолақов.