2024 жыл қазақстандықтар есінде қандай оқиғалармен қалады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде болған басты саяси-экономикалық және әлеуметтік оқиғаларға шолу ұсынамыз.
Уақыт белдеуі өзгерді
29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміз Үкіметтің шешімі бойынша UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Осылайша 15 өңір тұрғындары сағат тілін бір сағатқа артқа аударды.
Бірыңғай уақыт белдеуі идеясын қазақстандық ғалымдар ұсынған болатын. 2023 жылдың сәуірінде құрылған жұмыс тобы бірыңғай уақыт белдеуі көп аймақтың табиғи уақытына сәйкес келеді деген шешімге келді.
Алайда, бұл шешім барлық қазақстандықтың көңілінен шықпады, әсіресе Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қарсы болды. Күні бүгінге дейін біраз азамат қараңғының тез түсетінін, электр жарығын көбірек тұтынып, ұйқы режимінің бұзылып жатқанын айтып, шағымданып жатыр. Осы орайда қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп петиция жариялады. Небәрі үш айдың ішінде ашық хатқа 50 мыңнан астам адам қол қойды. 2 тамызда Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тартты.
Дегенмен Үкімет уақыт белдеуін өзгертудің адам ағзасына әсері туралы қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігін мәлімдеді.
Су тасқыны
Көктемде еліміз соңғы 80 жылда болмаған су тасқынына тап болды. Өкінішке қарай, 12 мың үй мен 5 мыңнан астам саяжай су астында қалды. Су шайған аймақтардан 120 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланды, мемлекет айтып келмейтін апаттан құтқаруда бар күшін салды.
Тасқын болған 10 аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Апаттың алдын алу мен күресте Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қарулы күштер құрылымы бірікті. Одан бөлек, 30 мыңға жуық ерікті жан тасқынмен күресте атсалысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға тап болған және зардап шеккен жандарға келген залалды өтеуді тапсырды. Мәселен, 30 мыңнан астам отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы және жоғалған мүлік үшін өтемақы алды. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 8500-ге жуық су басқан үй қалпына келтіруге жарамай шықты. Сондықтан небәрі 4 айдың ішінде 2 600 жаңа тұрғын үй салынды және қайталама нарықтан тағы 6 мыңға жуық үй мен пәтер сатып алынды.
Салтанат заңы
Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер туралы» Заңға қол қойды. Заң 14 маусымда күшіне енді. Бұл заң ел ішінде «Салтанат заңы» деп аталып кетті.
Заңның басты жаңалығы - ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл, орташа және ауыр залал келтіру, сондай-ақ балаларға жасалған зомбылық, кісі өлтіру және жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайында тараптарды татуластыру мүмкін емес.
Заңға енгізілген түзетулер Біріккен ұлттар ұйымында мақұлданды. БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанға өзінің ризашылығын білдіріп, заңды тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолындағы маңызды қадам деп атады.
Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті
ШЫҰ саммитіне Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы, ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры, ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырды.
Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Астана декларациясы қабылданды. Құжатқа ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды.
Тағы бір ерекшелігі - биыл ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтті.
Дүбірлі дода: дүниежүзілік көшпенділер ойыны
8-13 қыркүйек аралығында Астанада V дүниежүзілік көшпенділер ойындары дүркіреп өтті. Онда 90-ға жуық мемлекеттен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Алты күнгі аламанда ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.
Төл күресімізден өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланды спортшылары жүлдеге қол жеткізді.
Ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарыстарына келді. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 10 мыңнан жанкүйер тамашалады.
Додадағы ең жас спортшы - аламан бәйгеде бақ сынаған 10 жасар Хамза Амангелді. Ең егде спортшы – дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсеткен 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Додаға жалпы саны 499 жылқы, 41 құс қатыстырылды.
Референдум - ел тарихындағы төртінші талқы
6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтті.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, референдумға қатысу құқығы бар ҚР азаматтарының жалпы саны – 12 млн 284 487 адам болды. Оның 63,66 пайызы немесе 7 820 204 дауыс берді. Халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады.
«Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде дұрыс айттыңыз, бүгін тағдыршешті оқиға. Келешекте осындай оқиғалар неғұрлым көп болса, біздің халқымыз үшін, еліміз үшін жақсы болады деп ойлаймын. Себебі, халқымыз осындай өте маңызды мәселелер бойынша дауыс береді. Сондықтан референдумды қолдаймын», - деді деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Одан бөлек, Президент АЭС құрылысына алдыңғы қатарлы технологиялары бар әлемдік жетекші компанияларды тарту үшін халықаралық консорциум ұйымдастыру керектігін мәлім етті. Айта кетейік, Қазақстанда атом электр стансасын салатын мемлекет келер жылдың бірінші жартыжылдығында белгілі болады.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.
Көлік министрлігінің мәліметі бойынша, ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қайтыс болып, 29 адам аман қалды. Ұшақтағы жолаушылар арасында 37 әзербайжан азаматы болды, оның 23-і қайтыс болды. Қырғызстаннан үш жолаушы болды, барлығы дін аман. Сонымен қатар 16 Ресей азаматы болды, олардың 7-і қайтыс болды, 9 адам аман қалды. Ұшақтағы біздің 6 отандасымыз да өкінішке қарай мерт болды. Ұшақтың экипажынан үшеуі қаза тапты, екеуі аман қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтып, Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына сабыр тіледі. Қазақстан Президенті оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.