Бір жылға арналған «Мүмкіндіктер картасы» енгізіледі
Келесі жылы жұмысқа орналасу үшін елде бір жыл тұруға ықтиярхатқа кепілдік беретін балдық жүйеге негізделген «мүмкіндіктер картасы» толық күшіне енеді. Оны алу үшін өтініш беруші ағылшын және неміс тілін білуі, жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ Германияда жеке байланыстары болуы керек. Әлеуетті эмигранттың жасына да басымдық беріледі.
Жұмыс визасын алу үшін ең төменгі жалақы деңгейі төмендейді
Германияға келетін шетелдік мамандар қолында енді ең төменгі жылдық жалақысы 43 800 еуроны құрайтын келісімшарт болуы керек. Бұрын бұл деңгей салық ұстап қалуға дейін 58 400 еуро болған.
Blue Card алу үшін мамандық түрлері көбейді
Жаңа жылдан бастап Blue Card, яғни “көгілдір картаны” Германияда аса мұқтаж математиктер, IT мамандары, инженерлер, биологтар мен медицина қызметкерлері ғана емес, басқа мамандық иелері де ала алады. Олардың қатарында фармацевтер, тәрбиешілер және науқастар мен қарттарды күтушілер де бар.
Ескертусіз депортация
Германиядан пана іздегендер үшін талап күшейтілуі әбден мүмкін. Елдің ІІМ жоспарына сәйкес, болашақта босқын мәртебесі берілмеген азаматтарға елден шығару туралы алдын ала хабарланбайды, ал депортация үшін рұқсат етілген қамау мерзімі 10-нан 28 күнге дейін ұзартылады.
Әлеуметтік төлемдер қысқарады
Қазіргі уақытта пана іздеушілер Германияда 18 айдан астам уақыт тұрса, әлеуметтік жәрдемақы (Bürgergeld) ала бастайды. Елде бұдан аз уақыт тұрған босқындар әлдеқайда аз төлем алады. Енді бұл мерзім 36 айға дейін ұлғайтылды.
Қолма-қол ақшаның орнына карта беріледі
2024 жылы елден пана іздегендер әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшамен алмайды – оның орнына ақша дүкендерде төлеуге болатын арнайы дебеттік картаға аударылады. Федералды үкімет пана іздеушілердің өздерінің шыққан елдеріне ақша жіберу мүмкіндігін осылайша шектегісі келеді.