2024 жылы жол-көлік апатынан 2 452 адам мерт болды

Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы жол-көлік апаты салдарынан 40 мыңнан астам адам зардап шекті. Бұл туралы Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов айтты.

- Бас прокуратура деректерінде 2024 жылы тіркелген жол-көлік апаттары санының 2023 жылмен салыстырғанда 98,9 пайызға өскені атап өтілген. 2023 жылы тіркелген жол-көлік апатының саны – 18 886. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, жол-көлік апаты санының артуына өткен жылы статистикаға жол апатына тап болған азаматтың денсаулығына зиян келсе де, келмесе де медициналық көмекке жүгіну себеп болып отыр. Бұрындары денсаулығына зиян келгені медициналық тұрғыда нақтыланғанда ғана тіркеуге алынатын, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, барлық жол-көлік апатының 55 пайызы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарына тиесілі.

- Халықаралық зерттеулерге сәйкес қозғалыс жылдамдығының өсуі жол-көлік апаты зардабының ауырлығына тікелей әсер етеді. Орташа жылдамдықты небәрі сағатын 1 шақырымға арттыру зардап шегуші болатын апат ықтималдығын 3 пайызға, ал өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы қаупін 4-5 пайызға арттырады, - деді Олжас Бекарисов.

Айта кетейік, қазақ актері АҚШ-та жол апатына түскен адамды құтқарды.