2024 жылдан бастап Парламент мемлекеттік активтерді басқарудың жылдық есебін тыңдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2024 жылдан бастап Парламентке мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Ұлттық баяндама таныстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрінің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында бұл шара дәстүрге айналатыны айтылған.

«Парламенттің квазимемлекеттік сектордың мәселелеріне белсенді тартылуы заңнамадағы елеулі өзгеріс болды. 2024 жылдан бастап Парламентке мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Ұлттық баяндама таныстырылады. Мұндай есептілік жыл сайын беріледі және квазимемлекеттік сектор субьектілерінің жұмыс тиімділігін толық қамтып талдауға мүмкіндік береді. Қаржылық және қаржылық емес қызметтердің нәтижесі, әлеуметтік және өзге де мәселелерді қалай шешкені де есепке алынады. Жалпы осы қабылданған шаралар квазимемлекеттік сектор субьектілерін есеп бере отырып қызмет етуге итермелеп, ашықтықты қамтамасыз етеді», - деп жазады Әлихан Смайылов.