2025 жылы әлемдік археология ашқан ең маңызды 10 жаңалық

Фото: archaeology.org

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік археология саласындағы беделді басылым «Archaeology» 2025 жылдың ең маңызды он жаңалығын атады. Оның қатарына биыл Түркия елінен екі нысан еніп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі басылымның сайтына сілтеме жасап. 

Мамандардың пікірінше, бұл жаңалықтар адамзат өркениетінің даму тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтырып, әлемдік өркениеттің әртүрлі кезеңдері мен аймақтық әлеуметтік құрылыстардың дамуына қатысты шешуші дәлелдер ұсынады.

Фото: archaeology.org

Түркиядағы Қарахан-тепе кешенінен табылған археологиялық олжалар

Алты жылдан бері зерттеліп келе жатқан кешен Оңтүстік-шығыс Анадолының ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі туралы қалыптасқан түсініктерді түбегейлі өзгертті. Биыл археологтер кешеннен тағы да екі маңызды олжа тапты: б.з.д IX мыңжылдыққа тиеселі, адамның әлпеті бейнеленген T пішінді тас бағана және тастан шабылған тостаған, табақ пен қабан, құмай, түлкі мүсіншелерінен тұратын композициялық топтама. 

Фото: archaeology.org

Ғалымдардың болжауынша, бұл заттар жергілікті тұрғындардың құрбандық рәсімдерінде қолданылған құралдар болуы мүмкін.

Фото: archaeology.org

Ежелгі Майя өркениетіне тән патша мазары

Хьюстон университетінің археологтері қырық жылға созылған қазба жұмысынан кейін Майя өркениетіне байланысты бұрын-соңды болмаған жаңалық ашты: олар Караколь қаласының негізін қалаған Те’ Каб Чаактың қабірін тапты.

Фото: archaeology.org

Мола иесін нақты тарихи тұлғаның есімімен сәйкестендіру Майя археологиясында өте сирек кездесетін жайт. Шамамен 331 жылы таққа отырған Те’ Каб Чаактың қабірі археологтер 1993 жылы зерттей бастаған аумақтың астынан табылып отыр. Қабірдің қабырғалары қызыл жосамен боялған. Еденнен керамика, жадеит әшекейлері, сүйектен ойылған түтіктер табылды. Ең бағалы жәдігер – нефрит пен қабыршақтан қиюластырылып, марқұмның жүзін жасыруға қолданылған мозаикалық маска.

Фото: archaeology.org

Үнді-еуропа тілдерінің бастауы

Жаңа зерттеулер нәтижесі қазіргі ағылшын, хинди, парсы секілді жүздеген тілдің ортақ бабасы саналатын ілкі үнді-еуропалық тілдің алғашқы қолданушылары жайлы сенімді болжамға қол жеткізді. Украинаның шығысы мен Ресейдің оңтүстігіндегі аймақтардан табылған 400-ден астам мүрдеге жасалған ДНҚ сараптамасы ежелгі «ямная» тайпалары мен хет тілінде сөйлеген адамдар тобының ортақ аталары энеолит дәуірінде өмір сүрген аралас қауымнан шыққаны анықталды. Олар Солтүстік Кавказдан келген малшылар мен егіншілердің шағын, бірақ этникалық тұрғыда әртүрлі тобы еді. Сайып келгенде, ілкі үнді-еуропалық тілдің алғашқы қолданушылары шамамен 2000 адамнан құралған шағын этникалық топ болған.

Фото: archaeology.org

Крит аралындағы монументалды кешен

Ғалымдар Крит аралындағы Папура тауында орналасқан өзгеше дөңгелек құрылымды біраз жылдан бері зерттеп келеді. Оны қола дәуірінде, шамамен б.з.д. 3000–1100 жылдар аралығында өмір сүрген Миной мәдениетінің тұрғындары тұрғызған. Диаметрі 160 футтан асатын бұл құрылым сегіз қабат шеңберлі тас қабырғадан тұрады. Сылақ жүргізілген қабырғаларда бояудың ізі сақталған. Археологтердің пайымынша, нақтылы бір мақсатпен тұрғызылған және көп адамды еркін сыйғызатын ғұрыптық кешен мезгіл-мезгіл өтетін құрбан шалу, ас беру секілді шараларға арналған қоғамдық кеңістік қызметін атқарған. Бірақ уақыт өте келе оның қызметі геосаяси өзгерістерге, сондай-ақ жергілікті қауымдардың әлеуметтік немесе рухани қажеттіліктеріне қарай түрленіп отырғанға ұқсайды.

Фото: archaeology.org

Шығыс Азиядағы ысталған мумиялар

Вьетнамдағы үңгірлерден ежелгі аңшы-терімшілердің жерлеу орындарын анықтаған Австралия ұлттық университетінің археологтері кейбір сүйектердің ерекше қалыпта бүктеліп жатқанына назар аударған. Археологтердің болжауынша, бұл марқұмдардың сүйегін отқа қарсалау (оттың табына алыстан қақтап кептіру. Қазақы ұғымда бұл сөз кейде отпен аластаудың өзгеше тәсілін де меңзейді) арқылы мумиялау дәстүрімен байланысты.

Фото: archaeology.org

Мұндай ғұрыптың Оңтүстік-Шығыс Азияда ХХ ғасырға дейін кездескені этнографиялық деректерден белгілі. Археологиялық топ Қытай, Вьетнам және Индонезиядағы 11 ескерткіштен табылған 57 сүйекті зерттеп, олардың төмен температурада қыздырылғанын, кейбірінде күйіктің ізі бар екенін анықтады. Мұндай мумиялар жеңіл тартатындықтан, тайпаластары көші-қонда өліктерді өздерімен бірге алып жүрген болуы ықтимал.

Фото: archaeology.org

Помпей қаласынан табылған фреска

Фреска (итал. fresco — жаңа) — үйдің қабырғасына сылағы кеппей тұрғанда бояумен салынатын кескіндеме). Италияның Помпей қаласында археологтер XVIII ғасырдың зерттеушілері анықтап, бірақ жете тексермеген сәнді ас бөлмесін қайта аршығанда, таңқаларлық олжа тапты. Кең, күмбезді бөлме қызыл түсті колонналармен безендіріліп, олардың арасына фрескалар салынған. Ғалымдардың айтуынша, қабырғалардағы бейнелерде Дионис құдайының серіктері суреттелген. Фрескалардың стилі артефактілердің шамамен б.з.д. 40–30 жылдарға тиесілі екенін көрсетеді. Археологтердің айтуынша, Рим үйлеріндегі фрескаларда әйелдер көбінесе «тәртіпті» кейіпте бейнеледі. Ал мұнда әйелдердің еркін, тіпті жабайы табиғаты дәріптелген.

Фото: archaeology.org

«Жоғалған» перғауынның қабірі

Мысырдағы Нілдің батыс жағалауына орналасқан «Өлілер қаласынан» археологтер XVIII әулеттің із-түзсіз жоғалған соңғы перғауыны Тутмос II-нің қабірін тапты. Бұл – 1922 жылы Тутанхамонның қабірі табылғаннан бергі перғауындар қабіріне қатысты алғашқы ірі жаңалық. Бұның күтпеген жаңалық болғаны сонша, «XVIII әулетке жататын перғауын қабірін табамыз деп ешқашан ойлаған жоқпыз» дейді археологтер. Қабірдің төбесі көгілдір түске боялып, сары жұлдыздармен безендірілген. Ал қабырғалардан перғауынның Күн құдайымен қайта қауышуына жол сілтейтін Амдуат мәтінінің үзінділері де анықталып отыр.

Фото: archaeology.org

Жасанды интеллект арқылы оқылған Вавилон гимні

Археологтер соңғы екі ғасырда Месопотамиядан жарты миллионға жуық сына жазулы тақта тапқанмен, олардың жартысынан көбі толық зерттелмеген. Жаңа технологиялар осыншама көл-көсір қазынаны игеруге мүмкіндік беріп отыр. Жылдың маңызды жаңалықтарының бірі Вавилонды әлемдегі ең алғашқы қала деп мадақтайтын және бұған дейін белгісіз болып келген мәтіннің оқылуы. Гимн қаланы, оның тұрғындарын және қаланың қамқор құдайы Мардукты дәріптейді. Зерттеушілер гимннің бастапқы көлемі шамамен 250 жол болғанын, оның жартысынан астамы қалпына келтірілгенін айтады. Мәтінде патша басты тұлға ретінде көрінбейді. Вавилондықтар өздерін «патшалардан да ескіміз, патшалар келеді де кетеді, ал біз мәңгі қаламыз» деп сипаттайды.

Фото: archaeology.org

Перудегі мәдени байланыстардың анықталған құпиясы

Перудегі Пампа-ла-Крус кешенінен б.з.д. 850–1000 жылдарға тиеселі қабір табылды. Солтүстік Перу жағалауын билеген ежелгі мәдениеттің ықпалы әлсіреп, жаңа мәдениет үстемдікке қол жеткізе бастаған күрделі кезеңнің құпиясынан сыр шертетін қабірден моче стиліндегі әшекейлер таққан, бірақ вари дәстүрімен жерленген екі ер адамның сүйегі шыққан. Сүйекке қоса көмілген ыдыстар да вари және Моче дәстүрлерінің өзара үйлесімділікке ұмтылғанын көрсетеді. Бұл жаңалық жергілікті элита мен жатжұрттық басқыншыларды мәмілеге келтірген саяси қайта құрудың маңызды куәлігі.

Фото: archaeology.org

Анадолы аймағындағы неолит дәуірінің қонысынан табылған матриархалдық өмір салтының белгілері

Түркиядағы Чатал-Хююк қонысында жүргізілген зерттеулер қауымдастықта матриархалдыққа негізделген әлеуметтік құрылымның үстем болғанын дәлелдеді. Зерттеушілер б.з.д. 7150–5950 жылдар аралығына тән 35 қабірге жерленген 131 адамның ДНҚ-сын талдады. Нәтижесінде, қабірдегі адамдардың аналары жағынан туыстық қатынаста болғаны анықталған. Басқаша айтқанда, қауымдастықтың жігіттері үйленгеннен кейін туған ауылынан кетіп, «қайын жұртымен» бірге өмір сүрген, ал әулетке тек қыздар «мұрагер» болған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл қауымдастықта әйелдердің әлеуметтік мәселелерге ықпалы ерлерден жоғары болған.

Бұған дейін биыл Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарында петроглифтердің 11 жаңа шоғыры табылып, бұрын белгісіз болып келген ерте темір дәуірі мен түркі кезеңіне жататын ондаған қоныс пен қорым анықтағаны туралы жазып едік.