2025 жылы әлеуметтік міндеттемелер толық орындалды — Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр бюджет шығыстары 99 пайызға орындалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

Коллаж: Kazinform

— Республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді, — деді М. Такиев.

Оның айтуынша, ұлттық жобалар аясында 198 мектептің, және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студент үшін 30 жатақхана пайдалануға берілді.

Сонымен қатар былтыр барлық қаржыландыру көзі есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін,
5 141 тұрғын үй сатып алынды.

Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасып келеді. 980 км инженерлік — коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің
6,3 мың км желісі салынды және жөнделді.

Айта кетейік, бұған дейін министр былтыр бюджет кірісіне теріс әсер еткен салалар атаған еді.