«Ақылды қала» жобасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстарға сай 2024 жылы Алматы қаласындағы бейнекамералар санын 50 мыңға жеткізу көзделген. Биыл жыл соңына дейін 3 000 камера орнату жоспарланған. Ал қалған 3 000-ы 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін орнатылады.
– 2022 жылдың тамыз айынан бастап Алматы қаласында «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасы іске асырылып келеді. Оның басты міндеті – барлық қалалық бейнебақылау камерасын бір платформада біріктіру және алынған бейнематериалға нақты уақыт режимінде сараптама жасау, - деп хабарлады Алматы қаласы цифрландыру басқармасынан.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бірыңғай жүйеге 45 мың камера қосылғанын жазғанбыз. Оның ішінде қалада 9 034 бейнекамерадан тұратын 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ ведомство мәліметіне сәйкес, «Ақылды қала» жобасы аясында кешенді қауіпсіздік жүйесі бүгінгі күні 214 жалпы білім беру мекемелерінде және 193 мектепке дейінгі ұйымдарда орнатылған. Бұл жоба аясында бейнебақылау жүйесі, өрт-күзет дабыл жүйесі, кіруді бақылау және басқару жүйесі, СОС дабыл түймесі, домофон байланысы жүйесі орнатылады.
– 2024 жылдың соңына дейін денсаулық сақтау мекемелерінде кешенді қауіпсіздік жүйесі жобасын іске асыру жоспарланып отыр, - деп хабарлады цифрландыру басқармасынан.
Еске салайық, 2023 жылы тамыз айында Алматының мектептері кешенді қауіпсіздік жүйесіне қосылатынын жазған едік.