2025 жылы Астана экономикасы 11,6%-ға өсті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанада экономиканың тұрақты өсуі байқалып, негізгі мақсатты индикаторлар бойынша оң динамика қалыптасты. Сондай-ақ қала дамуына бағытталған инвестиция көлемі де артқан.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының елорданың 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітуге арналған сессиясында «Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ басшысы Айжан Түгелбаева айтты.

— Елорда дамуының 2025 жылға арналған жоспарында 38 мақсатты индикатор қарастырылған. Жыл қорытындысы бойынша, 24 көрсеткіш орындалды, ал 12 индикатор бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілмеген, 2 индикатор бойынша нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, себебі түпкілікті статистикалық деректер кейінірек жарияланады. Жалпы алғанда, жоспарды іске асыру қала дамуының негізгі бағыттары бойынша тұрақты ілгерілеуді көрсетіп отыр, — деді басқарма басшысы.

Спикердің сөзінше, экономикалық блокта да оң серпін байқалады. Жалпы өңірлік өнім 33%-ға өсіп, жоспарланған 29%-дан асып түскен.

— 2025 жылы қала экономикасы 11,6%-ға артты, бұл өнеркәсіп, сауда, құрылыс және көлік-логистика салаларының белсенді дамуын көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 трлн теңгені құрап, 21%-ға өсті, — деді Айжан Әлімқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, жоспарды іске асыру кезеңінде елорда экономикасына жалпы 8,8 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 66%-ы жеке инвестицияларға тиесілі.

— Сондай-ақ шағын және орта бизнестің рөлі артты: оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 66%-ға жетіп, жоспарлы 61,7%-дан жоғары болды. ШОБ-ты қолдауға бюджеттен 49 млрд теңге бөлінді, — деп атап өтті ол.

Бұған дейін Қазақстан экономикасы төрт айда 3,6%-ға өскені туралы жазғанбыз.