2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7 пайызы деңгейінде қалыптасады

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы бюджет түсімдері 21,7 трлн теңге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты. 

Фото: Kazinform

«Сіздердің назарларыңызға «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы, Бюджет кодексіне сәйкес, елдің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес келеді. 2025 жылға арналған түсімдер 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, акелесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге сомасында кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланған.

«Бюджет тапшылығы 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 2,7 пайыз деңгейінде, ал 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 1,9 пайызға дейін төмендеу болжанады. Бюджет шығыстары 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңгені құрайды», - деді Мәди Тәкиев.