2025 жылы қазақстандықтар қостанайлық KIA көлігін міне бастайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында KIA автокөлігін шығаратын зауыт салынып жатыр.
- Қазақстанда ашылатын «KIA» зауыты Корея Республикасынан тыс алғашқы бірлескен кәсіпорын. Көлік зауыты рекордтық қысқа мерзімде (1,5 жыл ішінде) салынады. Құрылысы былтыр қарашада басталды, алғашқы автомобиль конвейерден 2025 жылдың жазында шығады. Қуаты жылына 70 мың бірлік жеңіл көлік және 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады, - деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Осылайша, Қостанай облысында автомобиль шығаратын екінші ірі зауыт ашылмақ.
- Бұл аймақтың отандық автомобиль жасау орталығына айналуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл автобөлшектер жасайтын зауыттың құрылысы басталды, - деп толықтырды өңір басшысы.
Бұған дейін Құмар Ақсақалов Қостанай облысында кедей тұратын халықтың азайғанын айтқан еді.