2025 жылы құтқарушылар жануарларға қалай көмек көрсетті

Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жануарларға 400-ден астам жағдайда көмек көрсетті. Бұл көрсеткіш тек ресми тіркелген шақыртуларды қамтиды. Нақты жағдайлар саны бұдан да көп.

Үй және жабайы жануарлар түрлі себептермен өздігінен шыға алмайтын жағдайларға жиі тап болады. Осындай сәттерде құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келеді.

Көбінесе ТЖМ қызметкерлері мысықтарға, иттерге және жылқыларға көмек көрсетті. Шамамен жүзге жуық жағдайда мысықтар құтқарылса, 80-ге тарта жылқыла жәрдем көрсетілген. Иттер де осы шамалас жағдайда құтқарылған.

Сонымен қатар құтқарушылар жыл бойы ақбөкендерге, түлкілерге, түйелерге, сиырлар мен қойларға, құстарға, жарқанаттарға және жыландарға да көмек көрсетті. Мұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірлерінде, қалалық аумақтарда да, дала мен жетуі қиын аймақтарда да тіркелді.

- Әрбір шақырту жедел әрекет етуді және нақты шешім қабылдауды талап етеді. Мысалы, Ақтөбе қаласында құтқарушылар өзенге мұз астына түсіп кеткен жылқыны құтқару үшін шамамен үш сағат бойы жұмыс жүргізді. Көлікпен жету мүмкін болмағандықтан, оқиға орнына жаяу барған. Мұзды жарып, жағалауға дейін жол салынғаннан кейін жануар қауіпсіз жерге шығарылып, жылы шаруашылық ғимаратына жеткізілді.

Астанада битумға батып қалған итке көмек көрсетілді. Құтқарушылар қолда бар құралдарды пайдаланып, жануарды абайлап босатып, иесіне тапсырды.

Қостанай облысында түнгі уақытта құтқарушы альпинистік жабдықтың көмегімен құдыққа құлап кеткен күшікті шығару үшін шамамен тоғыз метр тереңдікке түсті. Қарағандыда жеке тұрғын үйдің шатырынан өздігінен қозғала алмай қалған жаңа туған марғау құтқарылды, - делінген ақпаратта.

Өртке байланысты жағдайлар да ерекше назар аудартады. Қарағанды қаласында көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде шыққан өрт кезінде құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялаумен қатар, түтінге толы жерде ес-түссіз жатқан итті анықтады. Жануарға тыныс алу аппараты арқылы алғашқы көмек көрсетіліп, кейін иесіне табысталды.

Жануарларды құтқару Төтенше жағдайлар министрлігі авариялық-құтқару қызметінің ажырамас бөлігі саналады. Тіркелген 400-ден астам жағдай – күнделікті әрі көп жағдайда көзге көріне бермейтін еңбектің бір бөлігі ғана. Мұндай жұмыстарда «маңызды» немесе «екінші кезектегі» деген айырмашылық жоқ. Өмірге қауіп төнген жағдайда көмек зардап шеккен тіршілік иесінің түріне қарамастан көрсетіледі.

Айта кетейік, Алматы тауларында құтқару пункттері қайда орналасқанын мынгау сілтемеден біліңіз.