2025 жылы Орталық Азия экономикасының өсімі 5%-ды құрайды – болжам

Фото: Фото: БАФ

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,5%-ға өседі. Бұл болжам «Азия-2025: Экономикалық перспективалар және интеграция үдерісі» атты есепте келтірілген. 

Құжат Боаос азиялық форумының (БАФ) жыл сайынғы конференциясына арналған. Форум осы күндері Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясында өтуде.

Боаос азиялық форумының баяндамасында былай делінген: «Жаһандық экономикалық өсімге қатысты белгісіздік артқанына қарамастан, Азия әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. 2025 жылы Азияның нақты ЖІӨ өсімі 4,5%-ға жетеді, бұл өткен жылғы 4,4%-дан сәл жоғары».

Аймақтар бойынша өсім болжамы:

  • Шығыс Азия — 4,3%
  • Оңтүстік Азия — 5,9%
  • Батыс Азия — 2,9%
  • Орталық Азия — 5,0%

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2025 жылы Азияның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі сатып алу қабілеттілігі паритеті бойынша 48,6%-ға дейін артады.

Азиядағы сыртқы сауда біртіндеп қалпына келуде, ал қызмет көрсету саласындағы сауда қарқынды өсіп келеді.

Инновациялар бойынша Азия әлемдік көшбасшыға айналды:

  • Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (НИОКР) инвестициялар көлемі бойынша Азия басқа өңірлерден басым түсуде.
  • Патенттік өтінімдер саны бойынша да Азия алдыңғы қатарда.

Боаос азиялық форумы (БАФ) «Өзгермелі әлемдегі Азия: ортақ болашаққа ұмтылу» ұранымен осы аптада Қытайдың Хайнань провинциясында басталды.

Форум туралы:

  • 2001 жылы құрылған.
  • 29 елдің қатысуымен жұмыс істейтін үкіметтік емес халықаралық ұйым.
  • Мақсаты — Азиядағы экономикалық интеграцияны дамыту.
  • БАФ «Шығыстың Давосы» деп аталады, себебі ол саясаткерлер, бизнес өкілдері мен ғалымдар үшін жоғары деңгейлі диалог алаңы болып саналады.
  • Биыл форум аясында 50-ден астам панельдік талқылаулар мен қосалқы форумдар өтеді.
  • БАФ-тың ашылу рәсімі 27 наурызда өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретінде жаңа жоба керек екенін айтқан.