2025 жылы Павлодарға жаңа трамвай вагондары жеткізіледі

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарда трамвай желісін кеңейту мақсатында келер жазда «Достық» жаңа шағын ауданында жаңа желі салынады. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім етті. 

«Биыл елді мекендер көшелерін жөндеуді қоса алғанда, республикалық маңызы бар 46,5 шақырым және жергілікті маңызы бар 616 шақырым жол жөнделді. Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды, жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Қоғамдық көліктер бойынша соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінде облыстың үш қаласы 75%-ға заманауи жоғары класты қоғамдық көліктермен қамтылған. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі», — деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, өңір әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен 25 жаңа трамвай вагонын сатып алу туралы келісімге келген. Вагондардың алғашқы легін (25 вагон) келер жылы шілдеде әкеледі. 

«Облыс орталығында маршруттық желіні кеңейту мақсатында 2025 жылдың жазында «Достық» жаңа шағын ауданына трамвай желісін салуды бастау жоспарлануда. Әуе тасымалын дамыту үшін биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылып жатыр. Биыл қыркүйекте басталды, 2025 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр», — дейді ол.

Одан бөлек, облыс басшысы демеушілік қаражат есебінен Павлодар теміржол вокзалы жаңартылғанын айтты. Сонымен қатар қазір Екібастұз вокзалы жаңартылып жатыр, жөндеу жұмысы келер жылы наурызда аяқталады.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда экологиялық проблемалар қалай шешіліп жатқаны айтылды.