2025 жылы Жер шарында климат қалай өзгерді

Фото: Рixabay

АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жыл жаһандық температура көрсеткіштері бойынша бақылау тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Әлемнің көптеген өңірінде аптап ыстық күшейіп, құрғақшылық жиілеген, деп хабарлайды Анадолу.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның дерегінше, 2024 жыл тарихтағы ең жылы жыл деп танылса, 2025 жылы да орташа жаһандық температура көптеген аймақта рекордтық деңгейге жетті. Ұйым қараша айында жариялаған баяндамасында 2025 жыл бақылау тарихындағы екінші немесе үшінші ең ыстық жыл болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы бес жылда да температура көрсеткіштері осы деңгейде немесе соған жақын болатыны болжанып отыр.

Қыркүйекте жарияланған Дүниежүзілік су ресурстары жай-күйі туралы есепте климаттың өзгеруі су айналымын барған сайын тұрақсыз әрі шектен тыс сипатқа жеткізгені айтылды. БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі агенттігінің мәліметінше, бүгінде әлемде шамамен 3,6 млрд адам жылына кемінде бір ай бойы ауызсу тапшылығын сезінеді. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 5 млрд адамнан асуы мүмкін.

Сарапшылар 2025 жылғы температуралық ауытқуларды атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық шоғырлануымен байланыстырады. Олардың айтуынша, климаттық дағдарыс болашақтың қаупі ғана емес, күнделікті өмірге тікелей әсер етіп отырған нақты құбылысқа айналды. Аптап ыстық адам өлімі мен денсаулыққа зиян келтірумен қатар, ауыл шаруашылығына залалын тигізіп, су қорының азаюына және энергияға сұраныстың артуына әкеліп отыр.

Жаз мезгілі бойы көптеген елде температура климаттық нормадан айтарлықтай жоғары болды. 2025 жыл әлем тарихындағы ең ыстық жаздардың бірі ретінде тіркелді. Мыңдаған адам аптап ыстықтың салдарынан қаза тауып, көптеген тұрғын ауруханаға түсті. АҚШ пен Еуропада орман өрттері жиілеп, құрғақшылық күшейді.

Биыл шілде айы бақылау тарихындағы үшінші ең ыстық шілде болды. Еуропада құрлықтың орташа температурасы 21,1 градусқа жетіп, 1991-2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен 1,3 градусқа жоғары болды. Ұлыбританияда маусым айы ең жылы ай ретінде тіркелсе, Нидерландыда соңғы 124 жылдағы екінші ең жоғары көрсеткіш байқалды. Скандинавия елдерінде, әсіресе Швеция мен Финляндияда аптап ыстық қатты сезілді. Түркияның Ширнак провинциясындағы Силопи ауданында 25 шілдеде ауа температурасы 50,5 градусқа жетіп, ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді.

Еуропада аптап ыстық адам өліміне әкелді. Imperial College London мен London School of Hygiene and Tropical Medicine ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, маусым-тамыз айлары аралығында Еуропаның 854 қаласында ыстыққа байланысты шамамен 24 400 адам көз жұмған. Оның 16 500-ге жуығы климаттың өзгеруінен туындаған температураның өсуімен байланысты екені анықталған. Ең көп өлім Италияда, Испанияда, Германияда, Францияда және Ұлыбританияда тіркелді.

Азия құрлығында да жоғары температура ауыр салдарға әкелді. Жапонияда маусым айы 1898 жылдан бергі ең ыстық ай болып тіркеліп, мыңдаған адам ауруханаға түсті. Оңтүстік Корея, Үндістан, Пәкістан және Иранда да рекордтық температура байқалып, кей өңірлерде мемлекеттік мекемелер уақытша жабылды.

Экстремалды ыстық құрғақшылықты күшейтті. Иранда бірнеше су қоймасы толықтай құрғап, Урмия көлі жойылды. Оңтүстік Кореяның Каннын қаласы апат аймағы деп жарияланды. Сирия мен Африканың бірқатар елінде жауын-шашынның азаюы салдарынан су тапшылығы ушыға түсті.

Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту шараларын жеделдету әлем елдері үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Айта кетейік, Бразилия президенті әлем елдерін климатқа қатысты батыл шешім қабылдауға шақырды.