2025 жылға дейін көлік жолдарының 85% толық жөнделеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2025 жылға дейін республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың 85%-на толық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын 4 мың шақырымнан аса автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда. Сөйтіп, 2025 жылға дейін республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың 85%-на толық жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, аталған жұмыстарды атқару мақсатында алдағы жылға 158 млрд теңге қарастырылған, оның  90,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді. Ол қаражаттың 25,0 млрд теңгесі жаңа автожолдар салу және қайта жөндеуге жұмсалса, қалған 65, 4 млрд теңге күрделі және орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстарына бағытталады.

Сонымен қатар, вице-министр республикалық маңызы бар қала жолдарының да назардан тыс қалмайтынын айта келе, ол үшін ағымдағы жылы 56,6 млрд теңге бөлінгенін жеткізіді. Атап айтқанда, Астана- 38,5 млрд теңге, Алматы- 56,6 млрд теңге, Шымкент - 0,5 млрд теңге.

Одан бөлек, Р.Скляр 2020 жылға қарай еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы  6,7 мың шақырымды құрайтынын, ол өз кезегінде қазынаға 30 млрд теңге түсіретінін тілге тиек етті. 

Айта кетсек, бүгін Астанада өңірлердегі жол құрылыстарын дамыту мәселелері талқыланды.