«Ақтау теңіз порты мен Құрық порты паром кешені халықаралық көлік дәліздері желісіне қосылған. Қазақстандық логистикалық тораптың қуаты жылына 21,2 млн тонна жүк өткізуге қауқарлы. Біздің порттар Солтүстік-Оңтүстік, ТРАСЕКА сияқты халықаралық көлік дәліздерімен қиылысады. Транскаспий бағыты бойынша жүк ағыны мен контейнерлік тасымалдарды ұлғайту үшін 2025 жылға қарай Ақтау портында контейнерлік хаб құруды жоспарлап отырмыз», - деді ол «Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022» атты жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелдің жалпы отырысында.
Айтуынша, аталған жоба тасымалдау көлемін жылына 40 мыңнан 215 мың дана жиырма футтық контейнерге дейін ұлғайтады.
«Maersk, Cosco shipping, CMA CGM сияқты халықаралық контейнерлік операторларды тарту жоспарланып отыр. Қазақстанның порт инфрақұрылымын дамыту үшін Құрық портында 2025 жылға қарай «Саржа» теңіз терминалының құрылысы жүргізілмек. Жоба аясында көлік-логистикалық орталық пен астық және сұйық жүктер терминалы салынады. Бұл Қазақстан порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Қасым Тілепов.