Мұнда автономды басқару жүйесі «Highway Pilot» деп аталады. Жаңа технология жүргізушілерді жолда көліктің жүрісін үнемі бақылап отырудан құтқарады. Инженерлердің айтуынша, аталмыш жүк көлігі жол сынағынан ойдағыдай өтті.
Көлікте «Predictive Powertrain Control» деп аталатын жаңа круиз-бақылау жүйесі бар. Ол жер бедерінің топографиясын көре алады және дөң-сайды ажырата біледі. Жақын қашықтыққа арналған радар алдындағы 70 метрге дейінгі аумақта болып жатқан жағдайды тіркесе, алыс қашықтықтағы радар 250 метрге дейінгі аумақты бақылай алады. Сонымен қатар, жаңа автопилот жүйесі жолда көлік кептелісі немесе жөндеу жұмыстары бары-жоғын анықтай алады. Жүк көлігі Германияның Магдебург қаласы маңында сынақтан өткізілген. Мұнда автоматты режимде ең жоғары жылдамдық 84 шақырым/сағаттан аспайды. Сондай-ақ, инженерлердің айтуынша, әзірше жүк көлігінің кабинасында жүргізуші болуы керек. Өйткені бұл әлі сынақтық нұсқа. «Мерседес-Бенц» компаниясы басшылығының болжауынша. 2025 жылға қарай әлемде жүк тасымалы арта түседі. Сондықтан, өндіруші компания жүргізушісі жоқ жүк көліктерін жасап шығаруды қазірден бастап қолға алуды көздеп отыр.