2025 жылы нормативке сай жолдардың үлесі 100 пайызға дейін жеткізіледі
«Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Соның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі – 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін, ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу», - деді Қ. Өскенбаев.
Осы орайда ол көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильдік транзиттік дәліздері арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
«Бүгінде еліміздегі 8 автомобильдік транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы – 13 мың шақырым», - деді министр.
Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», ұзындығы – 2 747 км. Екінші дәліз – «Алматы - Қарағанды - Астана - Петропавл - Ресей шекарасы Қорғанға дейін», ұзындығы – 1 868 км. Үшінші дәліз – «Астана - Қостанай - Ресей шекарасы Челябинскке дейін», ұзындығы – 860 шақырым. Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасының шекарасы - Майқапшағай - Қалбатау - Семей - Павлодар - РФ шекарасы Омскке дейін», ұзындығы – 1 116 км. Бесінші дәліз – «Алматы - Талдықорған - Өскемен - Шемонаиха - РФ шекарасы Барнаулға дейін». Алтыншы дәліз – «Ақтөбе - Қандыағаш - Мақат - Атырау - РФ шекарасы Астраханға дейін», ұзындығы – 893 шақырым. Жетінші дәліз – «Атырау - Орал - Саратов», ұзындығы – 587 шақырым. Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА.