2025–2030 жылдары елімізде түрлі салада 1,6 млн маман қажет болады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 5 жылда елімізде түрлі салада 1,6 млн маман қажет болады. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Kazinform жолдаған ресми сауалға жауабында жазылған. 

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 2025–2030 жылдары қажет болатын 1,6 млн кадрдың ішіне жоғары, орта, арнайы білімі бар мамандар, басшылар және арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар енеді. 

Коллаж: Kazinform

Әсіресе есепшілер, күзетшілер, сатушылар, жүргізушілер және орта мектеп мұғалімдеріне сұраныс жоғары болады. Себебі бұлар — еңбек нарығындағы ең ауқымды бөлікті алып жатқан мамандықтар. 

— Еліміз аталған кезеңде техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылар тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол жалпы еңбек нарығындағы сұраныстың тең жартысынан асады (55%) – 875 мың адам. Екінші орында жоғары білімі бар жұмысшы мамандар (27%) тұр – 429 мың адам. Құрылыс саласында да кадрға жоғары сұраныс болады деп болжанады – 100 мың адам. Ол жұмысшы мамандардың жалпы санының 25%-ын құрайды. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы (13%), өңдеу өнеркәсібі (12%) және көлік саласында (10%) сұраныс артатыны байқалады, - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 2025 жылы жоғары сұраныста болатын жұмысшы мамандықтардың ТОП-10 тізімін жариялаған едік.