2026 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған балалар аппараттармен тегін қамтылады

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балаларға арналған медициналық оңалту қызметтері кеңейтіліп келеді. 2025 жылы 125 мың бала медициналық оңалтумен қамтылды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Биыл «Қамқорлық» жобасы аясында Атырау, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Жетісу және Ақмола облыстарында 6 жаңа ауданаралық оңалту орталығы ашылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалар денсаулығына бағытталған жаңа бағдарламалар жүйелі түрде дамып жатыр. 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді.

— «Сырлы дыбыс» жобасына сәйкес 2026 жылдан бастап I–III дәрежелі есту қабілеті бұзылған балалар сүйек өткізгіштік операцияларынан кейін есту аппараттарымен және аудиопроцессорлармен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Ал «Ажарлы келбет» жобасы бойынша МӘМС жүйесінде бет пен бастың туа біткен анатомиялық ерекшеліктері бар балаларға реконструктивтік және пластикалық операциялар енгізілді, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын 3 жасар қыздың өлімінен кейін 622 стоматологиялық клиника тексеріліп жатқанын жазған едік.