2026 жылдан бастап Назарбаев университеті, МӘМС пен АХҚО-ны қаржыландыру механизмі өзгереді

Фото: Коллаж: Kazinform; Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы саласындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымды қаржыландыру механизмі күшейтіледі. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата хабарлайды.

Бюджет кодексіне қажетті өзгерістер енгізу процесі республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін басталды. Аудиторлар мемлекеттік мекемелер болып табылмайтын ұйымдарды нысаналы салымдар мен нысаналы аударымдардың көмегімен қаржыландыру мүмкіндігі мемлекет активтерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне көрсетілу сапасы мен дұрыстығына теріс әсер ететінін анықтады.

- Осындай механизм арқылы жыл сайын «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және басқа да бірқатар ұйым қаржыландырылады. Жоғары аудиторлық палата Үкіметке қаржыландыру тәсілін өзгерту мүмкіндігін қарауды ұсынды, өйткені қолданыстағы механизм мемлекет активтерінің өсуіне ықпал етпейді (заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарының ұлғаюы жоқ) және қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етпейді, - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, жаңа Бюджет кодексінде нысаналы салымдар мен аударымдар көмегімен қаржыландыруды көздейтін нормалар алып тасталды. Оның орнына заңды тұлғаларға берілетін трансферттер енгізіледі. Трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдар өздерінің стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерді жоспарлаған жағдайда бөлінеді.

- Заңда көзделген жекелеген жағдайды алмағанда, жыл ішінде бөлінген және пайдаланылмаған қаражат бюджетке қайтарылады. Трансферттер алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларында және тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында айқындалған нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады. Сонымен қатар олар қаражатты пайдалану туралы есептердің негізділігі мен дұрыстығына жауап береді, - деп хабарлап отыр Жоғары аудиторлық палата.

Аталған өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Жыл басында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысына есеп беру барысында бюджетке 135 млрд теңге қайтарылғанын хабарлаған еді.