2026 жылдан бастап салық саласында қандай өзгерістер болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрлігі елімізде жүргізіліп жатқан салық реформасы аясында өңірлік семинарлар өткізуді жалғастырып жатыр. Кезекті кездесу Қарағанды қаласында өтті.
Министрлік өкілдері бизнеске қатысты бірқатар жаңалықтарды таныстырды.
Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімдер — жалақы, амортизация, маркетинг және қызметкерлерді оқыту шығындары ескерілмек. Ауыл шаруашылығы, IT және арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін компанияларға жеңілдіктер қарастырылған.
- Жеке тұлғалар үшін де жағымды өзгерістер бар. Жаңа ережеге сай әлеуметтік төлемдер, өтемақылар мен стипендиялар жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) саласында да оңтайландыру жүргізіледі: кіріс ҚҚС-ны есепке алу тәртібі жаңарып, тіркеу мен есептілік беру рәсімдері жеңілдетіледі, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар ескіру мерзімінің жаңа тәртібі енгізіліп, тексеру жүйесінде заманауи тәсілдер қолданылмақ.
Айта кетейік, салық органдарында биометриялық сәйкестендіру енгізіледі.