2026 жылдан бастап цифрлық активтерге салынатын салыққа өзгерістер енгізіледі – Мемлекеттік кірістер комитеті

Коллаж: Kazinform/Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдары цифрлық активтерді реттеуге қатысты салық заңнамасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов тікелей эфир барысында мәлім етті.

– Цифрлық активтер қазіргі уақытта еліміздің экономикасында елеулі орын алып отыр. Сондықтан бұл салаға қатысты заңнамада бірқатар өзгерістер енгізілді. Өзгерістер тек 2026 жылдан бастап қана емес, сонымен қатар 2025 жылдың өзінде де іске қосылды. Ең бастысы – бұл жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың цифрлық активтерді сатуына қатысты салықтық реттеу. Әсіресе, активті өткізу кезінде есептеу тәртібі нақтыланды, – деді Әділов.

Спикердің айтуынша, 2025 жылғы шілде айында осы жылдың басынан күшіне енетін ережелер бекітілді. Онда жеке тұлғалардың цифрлық активтерді сатуынан түскен табысына салық салу тәртібі нақтыланған.

Цифрлық активті сату кезінде позитивті айырма есепке алынады. Есептеу әдісі ретінде FIFO принципі қабылданды. Мысалы, азамат 2023 және 2024 жылдары белгілі бір бағамен Bitcoin сатып алды делік. Егер ол активті 2025 жылы сатса, табысты есептеу үшін сату бағасынан ең алғаш сатып алған бағасы алынып тасталады. Осылайша, салық салынатын табыс анықталады, – деді Талғат Әділов.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, активті иелену және өткізу сәті нақты белгіленіп көрсетілді. Оған қоса қамтамасыз етілмеген активтер ұғымы енгізіліп, жеке тұлға криптовалюта әмиянына ие болды. Оны да салықтық есепке қосу міндетті болады атап өтті.

Сонымен қатар тікелей эфир барысында заңды тұлғаларға қандай өзгерістер енгізілетіні айтылды.

– 2026 жылдан бастап заңды тұлғаларға қатысты да өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, цифрлық активтерді өткізу кезінде құн өсімі ретінде табыс есептеледі және оған сәйкес салық салынады. Сонымен қатар заңды тұлғалар үшін 100-нысанға жаңа бөлім мен қосымша енгізілді, – деді Әділов.

2026 жылдан бастап салық есептілігінің 100-нысанына цифрлық активтерге қатысты жеке бөлім енгізілді, оған сәйкес криптобиржалар, майнинг пулдары және криптоиндустрияның басқа да қатысушылары өз активтерін бөлек көрсетуге міндетті. Сонымен қатар жаңа қосымшада цифрлық активтердің қалдықтары көрсетілуі тиіс, ал жеке және заңды тұлғалар криптоәмияндардың бар-жоғы туралы мәліметті салық органдарына ұсынуы қажет.

– Бұл өзгерістер халықаралық ұйымдардың ұсынымдары негізінде енгізілді. Енді барлық салық төлеушілер өз криптоәмияндары, активтері және олардың қозғалысы туралы толық ақпарат беруі тиіс, – деп түйіндеді комитет өкілі.

Бұған дейін Қазақстанда салықтық берешекті әкімшілендіруге қатысты жаңа өзгерістер енгізілгенін жазғанбыз.