2026 жылғы ӘЧ: FIFA стадионға су ішетін бөтелкелерді алып кіруге тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM – Жанкүйерлерге әлем чемпионаты кезінде стадиондарға су бөтелкелерін алып кіруге рұқсат етілмейді, деп хабарлайды тілшісі NBC News .

Фото: menafn.com

FIFA өкілінің айтуынша, мұндай қадам ойыншылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі заттардан жарақат алу қаупін барынша азайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар стадион аумағында шыны бөтелкелерді, кеселер мен консерв банкаларын пайдалануға да қатаң тыйым салынбақ.

Биылғы дүбірлі дода АҚШ, Мексика және Канада елдерінде өтетіндіктен, мамандар аптап ыстықтың басты қиындық тудыратын фактор болатынын ескертті. Мәселен, АҚШ-тың оңтүстік штаттарында маусым мен шілде айларында ауа температурасы 27-28°C-тан жоғары болады деп болжанып отыр. 

– Ауа райына байланысты FIFA ұйымдастыру комитеттерімен бірлесіп, жанкүйерлердің жайлылығы үшін стадиондарда арнайы су шашыратқыштар, желдеткіштер, салқындатқыш шатырлар мен су ішетін орындарды дайындауды жоспарлап отыр, - делінген мәлімдемеде.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі ережеде жанкүйерлерге стадионға көлемі 1 литрге дейінгі бос пластик бөтелкелерді алып кіруге рұқсат берілген болатын. Алайда, FIFA-ның жаңартылған 35 беттік кодексінде бұл норма толығымен өзгеріп, қайта пайдалануға болатын кез келген су бөтелкесіне тыйым салынған заттар тізіміне енді.

48 команда бақ сынайтын турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Ойыншылардың денсаулығын қорғау мақсатында әр таймда арнайы үш минуттық су ішу үзілісі қарастырылған.

Куинс университетінің зерттеуіне сәйкес, ойын өтетін 16 стадионның 14-інде ауа райы адам денсаулығына қауіп төндіретіндей деңгейде ыстық болуы мүмкін. Дегенмен, қатаң шектеулердің де өз ерекшеліктері бар. Мәселен, ата-аналарға әр балаға 1 литрге дейінгі ыдыспен нәресте сүтін немесе зарарсыздандырылған суды алып кіруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ медициналық қажеттілікке байланысты сұйықтықтарды (500 мл-ден аспайтын көлемде) ағылшын, француз немесе испан тілдеріндегі анықтамасы болса, өзімен бірге алып өтуге болады. Жаңа кодекс бойынша стадионға қару-жарақ пен пиротехникадан бөлек, шу шығаратын құралдарды (ысқырық, мүйіз, динамик) және көлемді шарларды алып кіруге де болмайды.

Бұған дейін АҚШ-тағы әлем чемпионаты билеттерінің және қонақүйлерде тұру құны қанша болатыны хабарланған болатын.