2026 жылғы ӘЧ тарихта ең көп көрермен жиналған турнирге айналды

АСТАНА. KAZINFORM — FIFA мәліметінше, бейсенбідегі жағдай бойынша турнирдің алғашқы екі аптасында Мексика, АҚШ және Канадада өткен әлем чемпионатының матчтарын 3,6 млн футбол жанкүйері тамашалады, деп хабарлайды NBC News.

Фото: footballtripper.com

Германия-Эквадор және Кот-д’Ивуар-Кюрасао арасындағы бір мезгілде өткен екі матчтан кейін жаңа рекорд орнатылды — 3 605 357 футбол жанкүйері.

Ұйымның мәліметінше, 2026 жылғы әлем чемпионатына келушілер саны 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында орнатылған 3 587 538 адам рекордынан асып түсті. 
Турнирдің 32-ден 48 командаға дейін кеңеюі нәтижесінде топтық кезеңдегі ойындардың көбеюі бұл рекордтың тез жаңаруының себептерінің бірі болуы мүмкін.

АҚШ-тағы стадиондар да бұрын әлем чемпионатын өткізген көптеген елдерге қарағанда көбірек көрерменді сыйдырады. АҚШ Ұлттық футбол лигасы стадиондарының максималды сыйымдылығы 60 мыңнан 80 мыңға дейін көрерменді құрайды. Нью-Джерсидегі топтық кезеңдегі бірнеше матчты өткізген «Метлайф» стадионы — турнирдің ең үлкен аренасы, оның сыйымдылығы 82 500-ға дейін адам.

ФИФА мәліметінше, Қатарда өткен соңғы турнирдегі стадиондардың көпшілігінің сыйымдылығы шамамен 45 мың адам болған.

Осыған дейін АҚШ-та футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан стадиондар маңында 300-ден астам дрон тәркіленгенін жаздық.