2026 жылғы базалық зейнетақы мөлшері айқындалды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрін, базалық және ынтымақты зейнетақыларды ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттыру көзделген.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі — 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы — 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардағы арттыруды ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы — 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы — 132 811 теңгені құрайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн.

Бұдан бұрын жыл басынан бері базалық зейнетақы мөлшері қаншалықты өскенін жазған едік.

Сонымен қатар Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мұрагерлерге төлеу тәртібі өзгергені анықталды.

Ұлттық банк зейнетақы жинағына қатысты кеңес берді.

Бұдан бөлек неліктен барлық зейнеткерге базалық зейнетақы төленбейтіні айтылды.