2026 жылғы конституциялық өзгерістер партиялық бәсекені күшейтеді – Бөріхан Нұрмұхамедов

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жоспарланған конституциялық реформа Қазақстанда биліктің жаңа институционалдық архитектурасын қалыптастыруды көздейді. Ол тұрақтылықты, есептілікті және қоғамдық қатысуды кеңейтуге бағытталған. Ұсынылған өзгерістердің негізгі мәні мен ұзақмерзімді салдары туралы Kazinform агенттігіне саясаттанушы, Конституциялық комиссияның мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов айтып берді.

– Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді Қазақстанның саяси жүйесінің дамуы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

– Конституциялық өзгерістерді өзекті әрі уақтылы деп есептеймін. Олар елдің белгілі бір тарихи және институционалдық даму кезеңінен өткенін көрсетеді. Өзгерген сыртқы жағдайлар мен ішкі әлеуметтік-саяси үдерістер саяси жаңғырту аясында жаңа қадамдар жасауды талап етіп отыр.

Атап өту қажет, 2026 жылғы реформа косметикалық түзетулермен шектелмейді, ол билік жүйесінің терең институционалдық қайта құрылуын көздейді. Атап айтқанда, екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы заң шығару органы – Құрылтайды құру функциялардың қайталануын қысқартып, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Халық кеңесін қалыптастыру қоғамдық диалогты нығайтуға және халық бастамаларын институционалдандыруға бағытталған. Ал вице-президент институтын енгізу атқарушы билік тармағында өкілеттіктердің теңгерімді бөлінуіне ықпал етеді.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер тұлғаларға тәуелді модельден нақты рөлдер, рәсімдер мен өзара іс-қимыл тетіктері айқындалған жүйеге көшуді білдіреді.

– Ұсынылған түзетулер қоғамның билік институттарына деген сенімін арттыруға қаншалықты ықпал ете алады?

– Қазіргі таңда сенім ұрандармен емес, нақты нәтижелер мен саяси шешімдердің болжамдылығымен өлшенеді. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықты институционалдық тұрғыда қысқартуға бағытталған.

Бұл жерде конституциялық реформаны әзірлеу мен талқылау үдерісінің өзі ерекше маңызға ие.

Ол қоғамдық пікірді ескере отырып жүзеге асырылуда және мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогтың жаңа форматын көрсетеді. Конституциялық комиссияның бір айлық жұмысы барысында азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті.

Талқылауға барлық парламенттік партиялар, қоғамдық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері мен жергілікті билік органдары қатысты. Мұның барлығы кең қоғамдық диалог пен институционалдық ашықтық арқылы сенімді нығайтуға берік негіз қалайды.

– Тұрақты демократия қалыптастыру тұрғысынан қандай өзгерістерді аса маңызды деп санайсыз?

– Ең алдымен, пропорционалды өкілдік негізінде қалыптасатын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуын атап өтуге болады. Сайлау партиялық тізімдер бойынша өтеді, бұл саяси бәсекенің бәсін арттырып, партиялық жүйенің дамуын ынталандырады. Бәсеке жеке тұлғалардан бағдарламалар мен саяси платформаларға ауысады. 

Заң шығару бастамасын ұсыну құқығына ие Халық кеңесі азаматтық және қоғамдық институттардың заң шығару үдерісіндегі рөлін едәуір күшейтеді.

Үшінші маңызды элемент – вице-президентті тағайындау кезінде Парламенттің келісімін алу қажеттілігі. Бұл билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті және ортақ жауапкершілікті нығайтады.

Жалпы алғанда, бұл қадамдар рәсімдік демократияны дамытуға, өкілеттіктер теңгерімін нақтылауға, өкілді институттарды күшейтуге және конституциялық әрі қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейтуге бағытталған.

– Реформа азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндігін арттыра ма?

– Әрине. Бұл – 2026 жылғы конституциялық реформаның негізгі мәндерінің бірі. Мұндағы қатысуды тек сайлауға қатысумен шектеуге болмайды.

Конституциялық комиссия жұмысының ашық әрі инклюзивті сипатының өзі қоғамдық қатысу арналарының кеңейгенін көрсетеді. Бұл үдерісте Халық кеңесі маңызды рөл атқарады.

Әңгіме ұлттық және өңірлік деңгейде сараптамалық және қоғамдық алаңдарды, кеңес беру тетіктерін және тұрақты кері байланысты дамыту туралы болып отыр. Азаматтар сайлау аралығындағы кезеңде де саяси үдерістің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылады.

– Өзгерістер партиялық жүйе мен саяси бәсекеге қалай әсер етеді?

– Құрылтайға сайлаудың толықтай пропорционалды жүйеге көшуі саяси партиялардың елдегі негізгі саяси актор ретіндегі рөлін күшейтеді. Партиялар неғұрлым кемелденген, бағдарламалық тұрғыда нақты және республикалық деңгейде әрекет ететін құрылымға айналуға мәжбүр болады.

Бұл сайлау науқандарындағы эмоциялық және тұлғалық факторлардың рөлін төмендетіп, саяси бағдарламалар мен платформалардың маңызын арттырады. Соның нәтижесінде белсенді азаматтар партиялық қызметке көбірек тартылады.

Ұзақмерзімді перспективада Қазақстанның партиялық жүйесі тұрақты, бәсекеге қабілетті әрі институционалдық тұрғыда орныққан сипатқа ие болады.

– Реформаның елдің саяси тұрақтылығы мен дамуына ұзақмерзімді әсері қандай болады?

– Орта және ұзақ мерзімді кезеңде 2026 жылғы реформа тұрақты, бейімделгіш әрі қақтығысқа бейім емес саяси жүйені қалыптастыруға бағытталған. Негізгі басымдық нақты тұлғаларға тәуелсіз жұмыс істей алатын институттарды дамытуға беріледі.

Әлеуметтік сұраныстар саяси үдерістерге ерте кезеңде енгізіледі, ал саяси партиялар әлеуметтік мәселелер мен қақтығыстарды алдын ала шешуге мүдделі болады. Саяси дағдарыстар өткір сценарийлер арқылы емес, рәсімдік және институционалдық жолмен шешілуі тиіс.

Мұның барлығы Қазақстан үшін аса маңызды тұрақтылық пен дамудың үйлесімін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Биліктің жаңа архитектурасы елдің ұзақмерзімді экономикалық мақсаттарын жүзеге асыруға қабілетті берік саяси-институционалдық негіз қалыптастырады.

Айта кетейік, жаңа редакциядағы Конституция сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға тікелей тыйым салуды нақты бекітетінін жазғанбыз. Бұл туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова мәлімдеген еді.