2026 жылғы 19 маусымдағы Transfermarkt порталының соңғы жаңартуына сәйкес, Қазақстанның ең қымбат футболшылары — «Ахмат» клубында өнер көрсететін Максим Самородов пен алматылық «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев. Екі ойыншының да нарықтық құны 3 миллион еуроға бағаланып отыр.
Маусым айындағы жаңартудың басты ерекшелігі — Максим Самородовтың трансферлік құнының 500 мың еуроға өсуі болды. Соның арқасында ол рейтинг көшін бастап тұрған Дастан Сәтпаевпен теңесті.
Ал бұрынғы жылдары қазақстандық футболдағы ең қымбат ойыншылар қатарында болған бірқатар футболшылардың бағасы төмендеді.
«Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев соңғы бір жыл ішінде трансферлік құнын айтарлықтай арттырып, ел футболының ең құнды ойыншыларының біріне айналды.
Жақында мәскеулік «Динамо» клубына ауысқан 28 жастағы Бақтиер Зайнутдинов жарақаттар мен ойын деңгейінің төмендеуіне байланысты құнын жоғалтып, 2,5 миллион еуроға дейін арзандады. Бұл — оның соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіші.
Сондай-ақ Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліптің де нарықтық бағасы 500 мың еуроға төмендеп, 2 миллион еуроны құрады.
Transfermarkt нұсқасы бойынша 2026 жылдың маусымындағы ең қымбат қазақстандық футболшылар:
- Максим Самородов («Ахмат») — 3 млн еуро (оң қанат шабуылшысы).
- Дастан Сәтпаев («Қайрат») — 3 млн еуро (орталық шабуылшы).
- Бақтиер Зайнутдинов («Динамо» Мәскеу) — 2,5 млн еуро (сол жақ және орталық қорғаушы).
- Нұралы Әліп («Зенит») — 2 млн еуро (орталық қорғаушы).
- Ислам Чесноков («Хартс») — 1,2 млн еуро (оң қанат шабуылшысы).
Баламалы рейтинг
Футболшылардың трансферлік құнын бағалаумен тек Transfermarkt қана емес, сондай-ақ CIES Football Observatory сарапшылары да айналысады. Transfermarkt ойыншылардың нарықтық құнын сарапшылар пікірі мен сұранысқа сүйене отырып бағаласа, CIES футболшыны қаржылық актив ретінде қарастырады.
CIES әдістемесіне сәйкес, қазақстандық ойыншының жоғары құнға ие болуы үшін оның жасы 21-ден аспауы және клубымен кемінде үш-төрт жылдық ұзақмерзімді келісімшарты болуы қажет. Мұндай жағдайда клуб футболшыны арзан бағаға жіберуге мүдделі болмайды.
CIES Football Observatory алгоритмдеріне сүйенсек, қазақстандық футболшылардың құны жөніндегі рейтинг Transfermarkt ұсынған тізімнен айтарлықтай ерекшеленеді.
CIES моделі келісімшарттың мерзіміне, ойыншының жасына, чемпионаттың экономикалық тұрақтылығына және ықтимал сатып алушы клубтың мәртебесіне басымдық береді. Сондықтан Қазақстан футболының негізгі активтері бұл рейтингте өзгеше орналасады.
2026 жылғы маусымдағы жаңартулардың басты қорытындысы — Дастан Сәтпаев Қазақстанның ең қымбат әрі ең перспективалы футболшысы ретінде айқын көш бастап тұр. Ал келісімшартының аяқталуына аз уақыт қалған немесе тұрақсыз лигаларда өнер көрсететін ойыншылардың нарықтық бағасы едәуір төмендеген.
CIES нұсқасы бойынша 2026 жылғы маусымдағы ең қымбат қазақстандық футболшылар
Дастан Сәтпаев («Қайрат») — 7,5 млн еуро
CIES бағалауынша, ұзақмерзімді келісімшарты бар жас шабуылшы ойыншылардың құны айтарлықтай жоғары болады. Мұндай футболшыларға «болашақ әлеуеті үшін үстеме баға» қосылады. Осы фактор Дастан Сатпаевтың рейтингте көш бастауына мүмкіндік беріп отыр. (Дәл осы қағидаттың арқасында Ламин Ямаль CIES нұсқасы бойынша 358 миллион еуро көрсеткішімен әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр).
Максим Самородов («Ахмат») — 4,2 млн еуро
Ресей Премьер-лигасындағы тұрақты ойын тәжірибесі мен «Ахматпен» жасалған ұзақмерзімді келісімшарт оның нарықтық құнын арттырып, CIES рейтингінде жоғары орынға шығуына ықпал етті.
Нұралы Әліп («Зенит») — 1,8 млн еуро
«Зенит» секілді жетекші клубта өнер көрсеткеніне қарамастан, орталық қорғаушы позициясы, жасының футболдағы шың кезеңіне жақындауы және ұзақмерзімді жаңа келісімшарттың болмауы оның трансферлік құнының төмендеуіне әсер еткен.
Ислам Чесноков («Хартс») — шамамен 1,5 млн еуро
Шотландия Премьер-лигасы CIES жүйесінде жоғары бағаланатын чемпионаттардың бірі саналады. Ұзақмерзімді келісімшарт пен беделді лигада ойнауы Ислам Чесноковтың құнын тұрақты деңгейде сақтап отыр.
Бақтиер Зайнутдинов («Динамо» Мәскеу) — шамамен 1,1 млн еуро
CIES алгоритмі бойынша Зайнутдиновтың бағасы айтарлықтай төмендеген. Бұған жиі алған жарақаттары, алаңдағы ойын уақытының азаюы және мәскеулік клубпен келісімшарт мерзімінің қысқаруы әсер еткен. Соның салдарынан оның математикалық нарықтық құны Transfermarkt бағалауымен салыстырғанда шамамен 2,5 есе төмен болып отыр.
Ал әлемдік футболдағы жағдай қандай?
2026 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша, беделді Transfermarkt порталының соңғы жаңартуына сәйкес, әлемдегі ең қымбат футболшылар қатарында испаниялық Ламин Ямаль («Барселона») мен норвегиялық Эрлинг Холанд («Манчестер Сити») көш бастап тұр. Екі ойыншының да нарықтық құны рекордтық 200 миллион еуроға бағаланған.
Маусым айындағы жаңартулардағы ең елеулі өзгерістердің бірі — франциялық Килиан Мбаппе («Реал») құнының төмендеуі болды. Мадрид клубындағы маусымның сәтсіз өтуіне байланысты оның трансферлік бағасы 180 миллион еуроға дейін түсіп, рейтингте үшінші орынға сырғыды.
Сонымен қатар португалиялық таланттар Витинья мен Жоау Невеш ең үлкен өсім көрсетіп, әрқайсысының құны 140 миллион еуроға жетіп, әлемнің үздік он футболшысының қатарына енді.
Ал CIES Football Observatory рейтингінде жағдай өзгеше. Ойыншылардың жасын, келісімшарт мерзімін және нарықтық әлеуетін ескеретін бұл жүйе бойынша Ламин Ямаль айқын көш бастап тұр. Сарапшылар оның трансферлік құнын 358,1 миллион еуро деп бағалап, әлемдегі ең қымбат футболшы ретінде таныды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кімге жанкүйер болатынын жазғанбыз.