2026 жылғы Милан Олимпиадасының алауын әйгілі футболшы алып жүреді

Фото: Zlatan Ibrahimović / x.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы Италияның Милан және Кортине-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпия ойындарының алауын алып жүрушілердің бірі атақты футболшы Златан Ибрагимович болмақ, деп жазады Kazinform меншікті тілшісі.

«Милан», ПСЖ және «Барселона» футбол клубтарында өнер көрсеткен Златан Ибрагимович қазір «Миланның» құрылымында қызмет атқарады. Ол аталған клубтың жейдесін 2010-2012 және 2020-2023 жылдары киген. Оны жоғарыдағы мәртебелі қатарға қосу — ұйымдастырушылардың Италиямен тығыз байланысты танымал спортшыларды алау эстафетасына тартуға деген ұмтылысын білдіреді.

Сонымен қатар Олимпия алауын «Комо» әйелдер командасының футболшысы Алиша Леманн да алып жүреді.

Қысқы Олимпиада 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында өтеді. Оған 93 елден 3500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Ертең, 4 желтоқсанда, Грекияның Афина қаласындағы «Панатинаикос» стадионында Олимпиялық алауды тапсыру рәсімі өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Милан қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылғаны хабарланды.