Вице-министр саланы цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, су ресурстарын болжау ісінің маңызына ерекше назар аударды.
— Өздеріңіз білетіндей, Tasqyn жүйесі су тасқынына байланысты туындаған белгілі бір мәселелерден кейін пайда болды. Ол кезде бізде цифрлық шешімдер болған жоқ. 2025 жыл Tasqyn жүйесінің алғашқы сынақ кезеңі болды деуге болады. Сонымен қатар Су ресурстары министрлігінің алаңында Есіл өзенінің бір бассейні бойынша TALSIM жүйесі де іске қосылды. 2025 жылы біздің жүйеге де, Tasqyn жүйесіне де қатысты белгілі бір сұрақтар болды. Сіздердің және сарапшылардың сыны ескерілді. Бірқатар мәселелерді жетілдіруді талап еттік. Ал биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша айтарым, TALSIM платформасы негізгі болжамдық трендтердің барлығын дұрыс көрсетті. Осы мәселеге байланысты жұмыс тобының отырыстарын өткіздік. Кейбір жағдайда су көлемінің нақтылығында аздаған ауытқулар болды, алайда жалпы үрдіс дәл келді. Жалпы, биыл су тасқынын болжау жүйелерінің жұмысы жақсы деңгейде атқарылды деп есептеймін, — деді Аслан Абдраимов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Спикердің айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңінде су шаруашылығы нысандарында ешқандай төтенше жағдай тіркелмеген. Су қоймаларында апаттық су жіберу болған жоқ. Келіп түскен су көлемі күтілген деңгейге сәйкес келіп, барлық су толықтай жинақталған. Сондай-ақ, елді мекендерді су басу жағдайлары орын алмаған.
Вице-министр Қазақстанда су тасқынын болжауға арналған мұндай жүйелер алғаш рет қолданылып отырғанын атап өтті. Сондықтан бір-екі жылдың нәтижесіне қарап, бұл жүйелерді қатты сынға алу дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, сала мамандары әсіресе TALSIM жүйесінің жұмысына оң баға беріп отыр.
Айта кетейік, TALSIM және Tasqyn жүйелері су тасқыны тәуекелдерін басқаруға көмектеседі.