2026 жылғы тренд: Түлектер мамандықты қалай таңдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 215 мыңнан астам түлек үшін ең жауапты кезең - Ұлттық бірыңғай тестілеу жүріп жатыр. Алайда, «Қай мамандықты таңдаймын?» деген сұрақ биылғы жастарды тығырыққа да тіреп отыр. Талапкерлер жүрек қалауына құлақ аса ма, әлде нарық пен ата-ананың талабына бағына ма? Күрделі таңдаудың қыр-сырын тілші сараптап көрді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Түлектер қандай мамандықтарға басымдық беріп отыр?

Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерді мәлімдеген болатын.

- Биыл елімізде 3 млн 900 мың оқушы білім алды. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтады. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13 175 (6%), сондай-ақ «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 11 сыныпта - 18 555, 9 сыныпта 31 181 оқушыны құрайды, - деді Ж. Сүлейменова.

Түлектер саны артқан сайын, олардың арасындағы бәсеке де, мамандық таңдау мәселесі де шиеленісе түсті. Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сүйенсек, талапкерлердің басым бөлігі педагогика, инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттарын таңдаған. Мамандар бұл статистиканы жастардың еңбек нарығындағы тұрақты сұранысқа және цифрлық экономиканың дамуына икемделе бастағанымен түсіндіреді.

Инфографика: Kazinform

Дегенмен, талапкерлердің 32,9 пайызының өзге салаларды таңдауы жастар арасында шығармашылық және гуманитарлық мамандықтарға деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін аңғартады. Cтатистиканың бұлай қалыптасуы таңдаудың толықтай саналы екенін білдірмейді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі басты мәселе мамандық сұранысында емес, талапкерлердің бұл маңызды қадам туралы тым кеш ойланатынында болып отыр.

Профориентолог кеңесі: Таңдауды «2GIS» тәрізді жүйелеу керек

Көптеген оқушы мамандық таңдау туралы тек 11-сыныпта ойлана бастайды. Ал болашақ кәсібін дұрыс таңдау үшін еңбек салаларын ертерек зерттеп, мәлімет жинаған жөн. Профориентолог Жадыра Тойбайқызының айтуынша, нарықта өз бетінше мамандық таңдай алмаған талапкерлерге жөн сілтейтін кәсіби қызмет түрі әлдеқашан қалыптасқан.

- Профориентологтің жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен маман оқушымен әңгімелесіп, түрлі тесттер алады. Сол арқылы баланың мінезі, қызығушылығы, ойлау жүйесі мен қабілеті анықталады. Кейін тест қорытындысы бойынша оқушы мен ата-анаға толыққанды тұлғалық талдау жасалып, қандай бағыт оған жақын екені түсіндіріледі. Одан кейін оқушының қабілетіне сай мамандықтар ұсынылады, - деді Жадыра Тойбайқызы.

Фото: Жадыра Тойбайқызының жеке мұрағатынан

Сондай-ақ ол әр саланың болашағы, еңбек нарығындағы сұранысы, грантқа түсу мүмкіндігі, мансаптық даму жолдары жан-жақты түсіндірілетінін атап өтті. Бұл қызметке ҰБТ-ға психологиялық дайындық пен бейіндік пән таңдау мәселесі де кіреді. Маманның пайымдауынша, бұл үдеріске жүйелі түрде қарау қажет.

- Қазір көп оқушы мамандық туралы тек 11-сыныпта, ҰБТ жақындағанда немесе тест тапсырғаннан кейін ғана ойлана бастайды. Жинаған балына қарап, «қай мамандыққа жетемін, қай грантқа түсемін?» деп асығыс шешім қабылдап жатады. Ал шын мәнінде оған алдын ала дайындық қажет. «Балаға бағыт берілмесе, жол айрығында тұрған жолаушыдай абдырап қалады» дейді ғой. Сол сияқты мамандық таңдауды да 2GIS сияқты жүйелеу керек, яғни бала қай бағытқа бара жатқанын, қандай жолмен жүретінін ерте түсінуі қажет. Егер ата-ана баласын саналы, мақсатты түрде бағыттап отырса, дұрыс таңдау жасайтын түлектердің қатары арта түседі. 

Адам өмірінің ең белсенді кезеңі мамандықпен тікелей байланысты. Осы себепті мамандыққа бейімдеу жұмыстарын 7-сыныптан бастау керек деп есептеймін. Өйткені дәл осы кезеңде баланың қызығушылығы, қабілеті, табиғаты анық көріне бастайды. Қазір елімізде спортқа, өнерге, жаратылыстану немесе гуманитарлық бағыттарға бейімдейтін мектептер мен түрлі үйірмелер жеткілікті - деп толықтырды профориентолог.

Оның айтуынша, баланың болмысы - оның болашақ жолын айқындайтын басты қасиет.

- Кей бала - көпшіл, енді бірі - тұйық. Біреуі шығармашылыққа жақын болса, екіншісі нақты ғылымдарға бейім келеді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, баланың қабілетін ерте байқап, дұрыс бағытын білсе, әлдеқайда жеңілдейді. Өзіне ұнайтын мамандықты ақылы оқыса да, ақылды қадам мықты маман болып, жұмсалған қаражатты еселеп ақтай алады. Өйткені «сүйіп істеген іс шаршатпайды, - дейді маман.

Осы пікірдің шынайылығын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты Азамат Жүсіпқалиевтің де өмір жолы дәлелдей түседі.

Фото: Азамат Жүсіпқалиевтің жеке мұрағатынан

Кішкентай кезімнен саясатқа байланысты фильмдерді қызығып көретінмін. Президенттерді, министрлерді, депутаттар мен әкімдерді теледидардан көргенде, болашақта солар секілді елге қызмет еткім келетін. Олардың өмірбаянын, қандай мамандық оқығанын, қай салаларда еңбек еткенін зерттеуге қызығушылық танытдым. Сонымен қатар, саясаткерлер мен түрлі мамандықтар туралы көптеген мақалалар оқып, іздендім. Осы қызығушылығымның нәтижесінде 11-сыныпта саясаттану мамандығын таңдадым, - дейді ол.

Азаматтың айтуынша, мамандық таңдауда ата-анасының еркіндік беруі мен өзінің бала күнгі қызығушылығы үлкен рөл атқарған. Мектептен бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, саясаттану саласын саналы түрде таңдаған ол бүгінде ғылым мен қызметті қатар алып жүр.

Психолог пайымы: Темперамент пен ішкі қорқыныш

Психолог Айгерім Жаңбырбайқызының айтуынша, мамандық таңдауда ең алдымен адамның қызығушылығы, қабілеті және темперамент типі ескерілуі керек. Бұл үш фактор бір арнада тоғысқанда ғана адам өз саласында үлкен нәтижеге қол жеткізеді.

Маман темперамент адамның мінез-құлқы мен эмоциялық ерекшелігін айқындайтынын атап өтті. Мысалы, қызуқанды, белсенді холерик типіндегі адамдарға қарым-қатынас пен қозғалысты қажет ететін мамандықтар қолайлы болса, сабырлы, эмоциясын сыртқа көп шығара бермейтін флегматиктерге мүлдем басқа бағыт тиімді.

Сонымен қатар, психолог түлектердің мамандық таңдаудан қорқуының психологиялық себептеріне тоқталды. Мұндай қорқыныш көбіне айналаның пікірі мен қоғамдағы қалыптасқан түсініктен пайда болады. Қазіргі таңда жастардың көбі тек беделді немесе сұранысқа ие мамандықтарға ұмтылады, алайда шынайы қызығушылық пен қабілетке сай таңдалған кәсіп қана ұзақ мерзімді жетістікке жеткізеді.

Фото: Айгерім Жаңбырбайқызының жеке мұрағатынан

Ең бастысы - жүрек қалауына құлақ асу. Ата-ана мен ұстаз бағыт береді, бірақ адамның қай салаға бейім екенін оқушы өзі жақсы сезеді, - дейді психолог.

Шетел тәріжірибесі және Жасанды интеллект дәуірі

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Германияның дуальды білім беру жүйесі ең тиімді модельдердің бірі саналады. Бұл елде кәсіптік білімге сұраныс жоғары: 1 миллионнан астам жас дуальды бағдарламалармен оқиды. 2023 жылы 470 мыңнан астам адам жаңа мамандықтарға қабылданса, 2025 жылы талапкерлерге 327 түрлі мамандық бойынша таңдау мүмкіндігі ұсынылған. Мұндай жүйе оқушыларға ерте жастан кәсіби бағыт-бағдар беріп, өндіріспен тікелей байланыс орнатуға септігін тигізеді.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Сонымен қатар, Әлемдік экономикалық форумның (World Economic Forum) «Future of Jobs Report 2025» есебінде жасанды интеллект, ақпараттық технология, инженерия, денсаулық сақтау және STEM (science, technology, engineering, mathematics) салалары болашағы зор бағыттар ретінде көрсетілген.

Алайда, технология дамыған сайын адамның рөлі азаймайды. Керісінше, шығармашылық ойлау, бірнеше тіл меңгеру, коммуникация және өзгеріске бейімделу маңыздырақ бола түспек. Жасанды интеллект ақпарат бере алады, бірақ адамның орнына өмірлік таңдау жасап, жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды. Сондықтан бүгінгі талапкер үшін ең маңызды сұрақ: «Қай мамандық сәнде?» емес, «Мен өзімді қай салада көре аламын?» болуы тиіс.

Грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланады?

Ұлттық тестілеу орталығы 2026–2027 оқу жылына арналған талапкерлерге арналған негізгі қабылдау мерзімдерін жариялады. Соған сәйкес, жоғары оқу орындарына түсу науқанының кезеңдері нақтыланды.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 25 тамызға дейін жүргізіледі.

«Денсаулық сақтау» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсушілер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Бұл емтихандарға өтініш қабылдау 20 маусымда басталып, сынақтар 20 тамызға дейін өтеді. Грант конкурсына қатысатын талапкерлер арнайы емтихандарды 20 шілдеге дейін тапсыруы қажет, - делінген Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінде.

Айта кетейік, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтінімдер 13–20 шілде аралығында қабылданады. Ал мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Зульмира Аухатқызы