2026 жылы әлемдік саясаттан не күтуге болады
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылға аяқ басар тұста әлемдік саясатқа қатысты нақты болжам айту қиын. АҚШ-та Дональд Трамптың билікке келуі жаhандық саясатта бұрыннан қалыптасқан тепе-теңдікті шайқалтып, әлемдік күн тәртібіне жаңа реңк қосты. Алдағы жылы халықаралық саяси кеңістікте қандай оқиғалар болуы мүмкін? Бұл туралы Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы саралап шықты.
Халықаралық қатынастардың жаңа қисыны
Халықаралық қатынастар жүйесі жаңа жағдайға бейімделе отырып, қайта құрыла береді. Әр ел өзіне тиімді тактиканы таңдауға мәжбүр, алайда таңдау мүмкіндігі онша көп емес.
Мемлекеттер не Трамп факторын, оның әлемдік процестерге ықпалын ескеріп, саясаттарын соған сай бейімдеуі керек, не оның президенттік мерзімі үш жылдан кейін аяқталады деп үміттеніп, АҚШ саясатында өзгерістер болатынына сеніп отыра тұруы керек.
Алайда егер келесі президент Трамптың идеологиялық ізбасары болса, әсіресе изоляционизм (мемлекеттің оқшаулық, тұйықтық саясаты) саясатын жалғастырып, АҚШ өндірістік әлеуетін қалпына келтіру үшін протекционизмді (қолдампаздық) қолдаса, түбегейлі өзгерістер болмай қалуы да ықтимал. Мысалы, мұндай сценарий қазіргі вице-президент Джей Ди Вэнс президент атанса жүзеге асуы мүмкін.
АҚШ-тағы аралық сайлау және оның әлем үшін маңызы
2026 жылы АҚШ-та өтетін конгресс пен сенат аралық сайлауы әлемдік саясатқа айтарлықтай әсер етеді. Бұл науқан Трамп жүргізіп отырған саясатқа қоғамның көзқарасын аңғартып, өзге елдердің саясаткерлеріне бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік береді.
Республикалық партия конгрестегі көпшілік орыннан айырылып қалуы мүмкін. Сенаттағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болса да, басымдықты жоғалту қаупі бар. Егер демократтар мен республикашылдар тең дауысқа ие болса, шешуші дауыс Вэнске тиесілі болады.
Демократтардың жеңіске жету мүмкіндігі де жоғары. Олар биыл Вирджиния мен Нью-Джерси штаттарында губернаторлық сайлауда, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі бірнеше сайлауда жеңіске жетті. Нью-Йорктегі Зохран Мамданидің сенсациялық жеңісі де назар аудартады.
Ең маңыздысы – Вирджиниядағы нәтиже. Бұл штат Вашингтонға жақын орналасқан. Трамп билікке келгеннен кейін қысқартуға тап болған мемлекеттік қызметкерлердің көбі осында тұрады. Сол себепті Трамп реформалары ең әуелі республикалық дәстүрі мықты осы штатқа ауыр соққы болды.
Мәселе тек конгрестегі немесе губернаторлық орындардың нәтижесінде емес. Ең бастысы – Трамп өз саясатын заңнамалық деңгейде жүргізуге тырысқанда әлдеқайда зор қарсылыққа тап болуы мүмкін.
«Ақсақ үйрек» сценарийі
Заң бойынша бұл – Трамптың президент ретіндегі екінші әрі соңғы мерзімі. Дегенмен болашақта өзінің ықпалын сақтап қалуы үшін белгілі бір саяси қадамдар жасауы мүмкін. Мысалы, Вэнс президент, ал Трамп вице-президент болуы мүмкін. Кейін Вэнстің өкілеті тоқтаса, Трамп автоматты түрде президент атана алады. Алайда бұл – тек гипотезаға сүйенген сценарий.
Неғұрлым шынайы нұсқа – Трамп аралық сайлауда жеңіліс тапқан кезде мерзімінен бұрын «ақсақ үйрек» жағдайына түседі. АҚШ-та мерзімі аяқталуға жақын, ықпалы әлсіреген президентті осылай атайды. Конгресті бақылауды қолынан шығарып алса, оның саясаты да әлсірейді: сауда баждарын енгізу және басқа бастамаларын жүзеге асыруы қиындайды.
Сауда баждарынан бастап Гренландия мәселесіне дейін
Бұл жағдай Трамптың халықаралық аренадағы ықпалын шектеуі мүмкін. Оның кейбір бастамалары нақты қиындықтарға тап болып, АҚШ ішінде сынға ұшырауы ғажап емес. Мұның бәрі Трамп үшін аса маңызды фактор болып есептеледі.
Мысалы, АҚШ-тың Гренландияны қосып алу жоспары қайта жандануы мүмкін. 2025 жылғы желтоқсанда Трамп Данияға тиесілі осы автономды аумақ бойынша арнайы өкіл тағайындады. Бұл оның осы идеядан әлі бас тартпағанын көрсетеді.
Таяу Шығыс: қақтығысты бәсеңдету мүмкіндігі
Трамп факторы мен оның басшылығындағы АҚШ саясаты жаһандық геосаясатқа әлі де айтарлықтай ықпал етеді. Ол бұрынғы ұзаққа созылған кейбір қақтығыстарға тікелей әсер еткенін атап өту керек.
Бұл жылы Газа секторындағы қақтығысты реттеу мүмкіндігі айқын көрінуі ықтимал. Бұл, негізінен, Трамптың Израиль мен араб елдерімен тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асады. Дегенмен ХАМАС-ты қарудан айыру, оны Палестина әкімшілігі бақылайтын күштермен алмастыру және араб елдерінің қатысуы мәселелері әлі де шешілмеген күйінде қала береді.
Трамптың басты артықшылығы – араб елдерімен берік байланысы. Ол Таяу Шығысты реттеуге арналған «Ибраһим келісімі» жоспарын қолдайды. Кейбір араб мемлекеттері оны қабылдағанымен, Сауд Арабиясы әлі нақты шешімге келмеген.
2026 жылы Газа мәселесін шешумен қатар, Сирия мен Ауғанстандағы экономикалық жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуы мүмкін. Парсы шығанағы елдері бұл мемлекеттерде көлік дәліздерін дамыту мен тұрақтылық орнату арқылы бұрынғы қақтығыстарды тоқтатуға болады деп есептейді. Осы мақсатпен Ауғанстан арқылы ТАПИ газ құбыры мен Сирия арқылы Жерорта теңізіне шығатын теміржол жобалары іске қосылуы мүмкін.
Ресей мен Украина: бейбіт шешімге жол
2026 жылы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату мүмкіндігі жоғары. Бұл негізінен АҚШ-тың бейбіт келісімге қол жеткізуге атсалысуымен байланысты. Алайда кейбір сыншылар қақтығыс әлі ұзаққа созылуы мүмкін деп есептейді.
Алайда екі тарап та ұзаққа созылған соғысты жүргізуге жеткілікті ресурстарынан айырылды. Бұл олардың соғысты жалғастыруына айтарлықтай әсер етті.
1953 жылғы Корея сценарийі сияқты, қақтығыс толық бейбіт келісімге қол қойылмай тұрып, уақытша тоқтату арқылы шешілуі мүмкін. Мұндай уақытша бейбітшілік 2026 жылдың алғашқы айларында болуы мүмкін, алайда дөп басып айту мүмкін емес.
Қазақстан – келіссөз өткізуге қолайлы алаң
Тараптар келісімге келсе, қорытынды кездесу Қазақстанда өтуі ықтимал. 2025 жылғы 23 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді келіссөз жүргізуге қолайлы алаң ретінде ұсынды.
Бұл қадам Қазақстанның бейтарап және барлық тарап үшін қолайлы мемлекет екенін көрсетеді. Сонымен қатар елдің бейбіт шешім іздеуге белсенді түрде қатысып, халықаралық деңгейде сенімді араағайын ретіндегі ұстанымын айқындайды.
АҚШ пен Қытай: басты геосаяси текетірес
2026 жылы әлемдік саясаттағы ең маңызды үдерістер АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа байланысты болмақ. Бұл екі елдің өзара байланысы жаhандық экономикаға, халықаралық саудаға мен геосаяси жағдайға айтарлықтай әсер етеді.
Трамптың Қытайға қарсы жоғары импорттық баж енгізуі жағдайды қиындатты. Соның салдарынан Қытайдың АҚШ-қа экспорты қысқарып, алдағы ахуалдың қалай өрбитіні әзірше белгісіз болып отыр.
2025 жылғы желтоқсанда АҚШ Қорғаныс министрлігі есеп жариялап, Пентагон Қытайдың әскери қуатының күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Есепте жаңа зымыран шахталарын салу, ядролық әлеуетті арттыру және қаруды күшейту мәселелері ерекше аталды.
Ал Қытай тарапы мұны АҚШ-тың өз ядролық әлеуетін жаңғыртуға сылтау іздеуі деп бағалады. Мұндай айтыс-тартыс халықаралық тұрақтылыққа оң әсер етпейтіні анық. Біз бұл жағдайды 2026 жылы да бақылаймыз. АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас жаhандану мен халықаралық сауданың болашағына тікелей әсер етеді.
Жаhанданудың келешегі
2026 жылы жаhандану тағдыры әлемдік саясаттағы басты тақырыптың біріне айналмақ. 2025 жылы Дональд Трамптың жаңа сауда баждарын енгізуі көп ел үшін күтпеген жағдай болды. Сол себепті мемлекеттер оның салдарын тез арада бағалауға мәжбүр болды.
Алдағы кезеңде елдер жаhандануды бұрынғы күйінде сақтау мүмкіндігін, оның негізгі қағидаларын өзгерту жолдарын немесе әлемнің аймақтық экономикалық блоктарға бөліну ықтималдығын таразылауы қажет.
Бұл үдеріс барлық мемлекеттен жаhандық экономика мен халықаралық саясатты терең әрі жан-жақты түсінуді талап етеді.
2026 жыл: күрт бетбұрыссыз кезең
2026 жылы әлемде күрт бетбұрыс бола қоймайды. Керісінше, 2025 жылы басталған үрдістер жалғасын табады. Елдер жаңа жағдайға бейімделуге тырысады немесе алдағы өзгерісті күтеді.
Сонымен қатар кейінгі жылдары халықаралық қауіпсіздікке елеулі әсер еткен кейбір қақтығыстардың аяқталуы мүмкін. Әрдайым шиеленістің күшею қаупі бар болғанымен, қақтығыстардың бәсеңдеу тенденциясы байқалады. Сонымен бірге жаhандану дағдарысы жағдайында кейбір елдер жаңа экономикалық әлемдегі өз орнын ойластырып, оған дайындалу үшін, мысалы, жаңа сауда дәліздерін дамытуы керек.
Алайда жаңа шиеленістердің пайда болу қаупі де бар. Сондай-ақ жаһандық әрі аймақтық деңгейде, мысалы, АҚШ пен Қытай арасында немесе басқа да ықпалы аз елдер арасында бәсеке күшейетіні анық. Соған қарамастан, 2026 жылдан үміт көп. Өйткені кез келген қақтығыс көп ресурсты талап етеді, ал ресурстардың құны барған сайын артып келеді.