2026 жылы «Алматы-Токио» тікелей әуе рейсі ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Келер жылдан бастап қазақстандықтар Алматыдан Жапония астанасы Токиоға тікелей ұша алады.
— Көлік және логистика саласына баса назар аударылды. Бұл тұрғыда Жапонияның үкіметі «Орта дәліз» бағыты бойынша Ақтау портындағы кедендік қызметті цифрландыруға қолдау білдірді. Қазақстанмен әуе қатынасын кеңейту аясында келесі жылы «Алматы-Токио» тікелей әуе рейсі ашылмақ. Бұдан басқа, атом энергетикасы, ядролық отын өндірісі мен экспорты, ядролық медицина саласы бойынша ынтымақтастықтың болашағы зор, — деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.
Министрдің айтуынша, елімізде жасыл трансформация мен жоғары технологияға қажетті сирек әрі маңызды элементтердің қоры мол.
— Соның ішінде, Жапонияда «жасыл» технологияны өндіруге қажетті 32 шикізаттың 22-сі Қазақстанда өндіріледі. Осыған орай, әріптесіммен «Тау-Кен Самұрық» және Жапонияның мұнай, газ және метал корпорациясы «JOGMEC» арасында нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірдік, — дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолындағы мәселелер талқыланды.
Шара барысында елімізге Жапониядан 9 млрд доллар инвестиция тартылғаны белгілі болды.