2026 жылы алматылықтардың еміне 360 млрд теңге бағытталады

Фото: Астана әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылы медициналық көмек көрсетуге 367,6 млрд теңге бағытталады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетіне 165 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның құрамына шұғыл және жедел медициналық көмек, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін аса қауіпті ауруларды емдеу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар 11 ауру, паллиативтік медициналық көмек және қан препараттарымен қамтамасыз ету кіреді. Бұл медициналық қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға көрсетіледі.

Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке 202,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 2026 жылы Алматы қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қоры 218 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты. Оның ішінде — 126 мекеме жекеменшікте.

— Алматылықтар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 78 ұйымның (емханалардың) біріне тіркеле алады, — деп хабарлады қор филиалынан.

Бұған дейін Алматыда 2026 жылы МӘМС жүйесіне 95 мың тұрғын қосылатынын жазғанбыз.