2026 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері өсті

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болды.

Бұл бірнеше төлемнің мөлшеріне әсер етеді. Өйткені, айлық есептік көрсеткіш көптеген есептеуде қолданылады. Мемлекет бюджеттен әлеуметтік төлемдерді осы көрсеткіш арқылы есептейді.

Сондай-ақ айыппұлдар, мемлекеттік баждар және басқа да міндетті төлемдер осы көрсеткіш арқылы алынады. 

2026 жылғы ең танымал мемлекеттік баждардың мөлшері төмендегідей болды:

  • Жеке куәлік (ресімдеу немесе ауыстыру) — 865 теңге (0,2 АЕК);
  • 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік ҚР паспорты — 17 300 теңге (4 АЕК);
  • 36 беттік ҚР паспорты — 34 600 теңге (8 АЕК);
  • 48 беттік ҚР паспорты — 51 900 теңге (12 АЕК).
Инфографика: Kazinform

Сонымен қатар жас мамандарға берілетін көтермеақы да өседі, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге қоныс аударатындары үшін 2026 жылы оның мөлшері 432 500 теңге (100 АЕК) болады.

Сонымен бірге тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін берілетін бюджеттік несие 10 812 500 теңгеге (2 500 АЕК) жетеді, жылдық мөлшерлемесі – 1%.

Әскери қызметшілердің далалық төлемдері де артады, келесі жылы олардың мөлшері тәулігіне 5 190 теңге (1,2 АЕК) болмақ.

Бұдан бұрын елімізде 1 қаңтарда қандай өзгерістер күшіне енгенін жазғанбыз.