2026 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекті жеке дәріханалар арқылы ұсыну мүмкін болады

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыратын жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

— Келесі жылдың басынан бастап жеке дәріхана ұйымдары арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықсыздандыру жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жоба халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырып, оларға қажетті препараттарды таңдау мүмкіндігін береді, — деді ол.

Министрдің атап өтуінше, қазірдің өзінде денсаулық сақтау жүйесіндегі жасанды интеллект технологиялары отандық клиникаларда флюорография, маммография, рентгенография, КТ және МРТ талдау кезінде инсульт, өкпе, сүт безі қатерлі ісіктері мен пневмонияны анықтау үшін қолданылады.

— Бірқатар медициналық ұйымда дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жылдам талдауға және пациенттерге көбірек уақыт бөлуге көмектесетін жасанды интеллект ассистенттер жұмыс істей бастады. Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтетінін, медицинаны барлық азамат үшін заманауи әрі қолжетімді ететінін атап өткен жөн, — деді Ақмарал Әлназарова.

Бұған дейін 2026 жылы МӘМС деректерін беретін мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылатынын жазған едік.