Бір жарым жылдағы көрсеткіш
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы (көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқару) бойынша 2025 жылдың қорытындысында 17 220 адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында дәл осы бап бойынша 7 825 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.
Соңғы бір жарым жыл ішінде мас күйде көлік жүргізгені үшін 25 045 адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
Тағы қандай құқықбұзушылықтар үшін куәліктен айрылады?
Комитеттің мәліметінше, әкімшілік заңнамада жүргізуші куәлігінен айыру жазасы көзделген өзге де құқықбұзушылықтар бар.
2025 жылы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша 812 адам жүргізуші куәлігінен айырылды.
596-бап болса, көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарама-қарсы бағытта жүру немесе басып озу қағидаларын бұзу бойынша 11 640 адам көлік басқару құқығынан айырылған.
Ал 606-бап, яғни жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін қауіпті жағдай туғызған жол қозғалысы қағидаларын бұзу бойынша 27 жүргізуші, 607-бап, теміржол өткелдерінен өту қағидаларын бұзу бойынша 2 жүргізуші жүргізуші куәлігінен айырылды.
Сонымен қатар 610-бап, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан адамдардың денсаулығына зиян келтіру немесе көлік құралдарына не өзге мүлікке залал келтіру бойынша 823 адам, 611-бап, жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерін орындамауы бойынша 452 адам, 612-бап, көлік құралын құжатсыз немесе басқару құқығы жоқ адамның жүргізуі бойынша 15 адам, ал 613-бап, полиция, көліктік бақылау немесе әскери полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтару бойынша 845 адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
2026 жылдың алғашқы алты айында 590-бап бойынша 816 адам, 596-бап бойынша 4 970 адам, 606-бап бойынша 1 адам, 607-бап бойынша 2 адам, 610-бап бойынша 564 адам, 611-бап бойынша 255 адам, 612-бап бойынша 9 адам, ал 613-бап бойынша 368 адам көлік басқару құқығынан айырылды.
Қай өңірлерде көрсеткіш жоғары?
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру деректері ең көп тіркелген өңірлер қатарында Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Ақмола және Жамбыл облыстары бар.
Алматыда 2025 жылы 2 156 адам, ал 2026 жылдың алғашқы жартысында 1 000 адам көлік басқару құқығынан айырылды.
Астанада бұл көрсеткіш тиісінше 1 420 және 647 адамды құрады.
Ақмола облысында 2025 жылы 1 263 жүргізуші, ал биылғы алғашқы алты айда 546 жүргізуші куәлігінен айырылған.
Жамбыл облысында осы кезеңдерде 947 және 470 адам жүргізуші куәлігінен айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін, Маңғыстауда мас күйінде қайта көлік жүргізген ер адам түрмеге қамалғанын жазған едік.