2026 жылы инфляция 10-12% деңгейінде болады — экономист

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Экономист Айдархан Құсайынов 2026 жылы Қазақстан экономикасының қалай дамитыны жөнінде болжам жасады.

Экономистің пікірінше, 2026 жылы елдегі инфляция 10-12% деңгейінде сақталады. Ал базалық мөлшерлемеге келсек, Айдархан Құсайынов оны төмендетпей, керісінше көтеру керек деп есептейді.

— Базалық мөлшерлеменің төмендеуі екіталай. Мұндай шешім қабылданса, бұл тек саяси себептерге байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл экономика үшін тиімді емес. Керісінше, мөлшерлеме қазірдің өзінде жоғары болуы тиіс әрі оны арттыра беру керек, — деді сарапшы.

Құсайынов теңге бағамына қатысты нақты болжам жасау қиын екенін, көп нәрсе саяси шешімдерге байланысты болатынын айтты. Техникалық тұрғыдан алғанда, теңге бағамын, мысалы, Ұлттық қордан трансферттер бөлу арқылы ұстап тұруға болады, бұған ресурс жеткілікті. Алайда мұндай қадам ішкі экономикалық теңгерімсіздікті одан әрі күшейтеді.

Сонымен қатар ол келесі жылы экономикалық өсім қарқыны баяулайтынын болжады. Бұған Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруы негізгі себеп болмақ.

— Келесі жылы экономикалық өсім баяулайды деп ойлаймын. Себебі бюджетке Ұлттық қордан бөлінетін қаражат азаяды. Бюджетті толтыру мұнай кірістері есебінен емес, қайта бөлу тетігі арқылы жүзеге асады, яғни бизнес пен халыққа түсетін салықтық жүктеме артады. Соның салдарынан фискалдық ынталандыру төмендеп, экономика баяулайды, — деді Айдархан Құсайынов.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің әкімшілік шаралары қараша айында жылдық инфляцияның төмендеуіне әсер еткенін айтқан еді.