2026 жылы өңірлердің кірісі 10,7 трлн теңгеге артады

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2028 жылы жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орташа есеппен 57 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде өткен кездесуде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты. 

— Болжамға сәйкес, өңірлердің кірісі 2026 жылы 10,7 трлн теңгеге, 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін артады немесе өсім 24 пайыз. Жергілікті бюджеттердің ағымдағы шығыстарының болжамды көлемі инфляцияға индекстеу және өңірлердегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылар санының болжамын ескере отырып есептелінді. Бюджет кодексінің жаңа талаптарына сәйкес, шығыстарға шолу жасалды, — деді ол.

Оның атап өтуінше, параметрлер болжамын есептеу барысында жергілікті атқарушы органдардың қарыздарға қызмет көрсету және өтеу шығыстары, бюджет кредиттері, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша мемлекеттік міндеттемелер, имидждік шығыстар, гранттар, зерттеулер, консатингтік қызметтер, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар ескерілген жоқ.

— Бұған қоса, жергілікті бюджеттер базасына мақсатты ағымдағы трансферттерді қостық. 2026 жылы ол 676 млрд теңге. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, шығыстары, суды үнемдеу мен тамшылатып суару технологияларын енгізуге арналған қаражат, қайтадан пайдалануға берілетін нысандарды күтіп ұстау шығыстары, Д және Е санаттары бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, төменгі мемлекеттік қызметшілерді, Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің жалақысын көтеру, пробация қызметін күтіп ұстау, инженерлік-коммуникациялар инфрақұрылым үшін шығарылатын мемлекеттік құнды қағаздар бойынша жергілікті атқарушы органдардың негізгі қарыздарын өтеу шығыстары қосымша ескерілді, - деді бірінші вице-министр.

Оның атап өтуінше, 2026 жылы бюджеттік субвенция 5,1 трлн, 2027 жылы 6,4 трлн, 2028 жылы 6,8 трлн теңге мөлшерінде айқындалды. Бюджеттік алым 2026 жылы — 0,9 трлн, 2027 жылы — 1,1 трлн, 2028 жылы 1,4 трлн теңге.

- Бұл ретте 2028 жылы Павлодар облысы өз-өзіне жеткілікті, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады. Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орташа есеппен 57 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді, — деді Азамат Әмрин.

 Бұған дейін 2026 жылдан бастап тұрақты кірістің 40 пайызы жергілікті бюджетке жиналатынын жазған едік.