2026 жылы Smart Turmys бірыңғай коммуналдық қызмет платформасы іске қосылады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Smart Turmys» бірыңғай цифрлық сервисі құрылды, онда су, жылу, электр, газбен жабдықтау және қалдықтарды шығару қызметтері «бір терезеде» біріктірілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру туралы Президент тапсырмасын орындау жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтып берді. 

Спикердің айтуынша, платформа тұрғындардың коммуналдық қызметтермен өзара әрекетін жеңілдетіп, барлық процестерді ашық етеді және әртүрлі органдарға жүгіну қажеттілігін азайтады.

— Жоба бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Цифрландыру жай ғана формалды емес, нақты жұмыс істеуі үшін ТКШ процестеріне реинжиниринг жүргізілді, — деді Жәннат Дүбірова Конгресс орталықта өткен есептік кездесуде.

Сонымен бірге, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде биыл қараша айында сатып алу рәсімдерін толық цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік беретін электрондық платформа іске қосылды. Енді табиғи монополиялар субъектілері өтінімдерін онлайн бере алады, ал оларды қарау мен келісудің барлық кезеңі жедел және ашық жүргізіледі.

— Қазір ұлттық жобаға қатысатын барлық коммуналдық кәсіпорындар meks.zakup.sk.kz платформасында тіркелген. Қазірдің өзінде 50 кәсіпорыннан жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуықтайтын 166 жоба ұсынылды. Оған қоса, платформа қажеттіліктерді алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді: 2026 жылға арналған сатып алулар мен ұлттық жобаны жүзеге асыруға дайын 209 EPC-мердігер мен отандық өндірушілердің тізімі жасақталды, — деді Ж. Дүбірова.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі дрондар мен ЖИ заңсыз құрылыс нысандарын анықтайтынын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану толық цифрландырылды: 22 мемлекеттік қызмет онлайн көрсетіле бастады.