2026 жылы ұялы байланыс тарифі өзгере ме
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі ұялы байланыс операторлары келер жылы тарифтер өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер операторлардан 2026 жылы интернетке тарифтердің өзгеруі мүмкіндігі туралы сұрады.
— Ұялы байланыс қызметтерін көрсету ережелерінде тиісті норма бар, яғни онда шығындардың артуының негіздемесі ескерілген. Тарифтер электр энергиясы мен жабдықты сатып алуды қоса алғанда, оператордың бірқатар шығынын қамтиды. Егер бұл шығындар өссе, міндетті түрде тарифке әсер етеді, — деді «Қазақтелеком» компаниясының бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.
Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадиннің айтуынша, компания бағаны жылына бір реттен артық көтермейді.
— Келер жылы ҚҚС өсімі болады. Бұл өз кезегінде салаға 35-40 миллиард теңгеге әсер ететін өте маңызды фактор. Қаңтар айында бағаны өзгертуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, осы жылы тариф көтерілмейді. Жалпы, өсім 15-20% шамасында болуы мүмкін, — деді Beeline Kazakhstan басшысы.
Сонымен қатар «Мобайл Телеком-Сервис» басқарма төрағасы Александр Бабичев те келер жылы тариф өзгеруі мүмкін екенін айтты.
— Тарифтердің көтерілуінің негізгі себебі — интернет қызметіне сұраныстың артуы. Бұл тұрғыда инфрақұрылым осы саланың дамуына тиісті қарқында ілесе алмай келеді. Операторлар инфрақұрылымға жылдам қарқынмен инвестициялауға мәжбүр. Бюджетті жоспарлау аясында белгілі бір драйверлерді — экономикалық және салық саласындағы өзгерістерді, инфляция деңгейін ескереміз. Сондықтан тарифтік жоспарларды түзетуді қарастырып жатырмыз. Осы орайда 15-20 пайыздық өзгеріс пысықталады, — деді компания басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады.