2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялауға дайындық қалай жүріп жатыр

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы мектепке дейінгі білім беруі ұйымдарын лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова айтты.

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балабақшалар ескерту арқылы ашылады. Мәселен, кәсіпкер балабақша ашқысы келсе, тиісті хабарлама жолдайды. Енді сапаны арттыруға қатысты талаптар күшейтіліп жатыр, яғни заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл тұрғыда лицензиялау тәртібі іске қосылады. Лицензиялық талаптар 2027 жылдың қаңтарынан басталады, - деді М. Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Осы орайда әрбір балабақшаның ғимаратына, педагогикалық әлеуетіне, материалдық-техникалық базаға, инфрақұрылымға қатысты жоғары талаптар қойылған.

- Қазір бұл ереже бекітілді. 2025-2026 жылдары балабақшаларды осы талаптарға сәйкестендіру үшін дайындық кезеңі берілді. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар сәйкестендіру жұмыстарын істеп жатыр. 2027 жылдың қатарынан меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі білім беруі ұйымдарын лицензиялау енгізіледі, - деді вице-министр.

Еске салсақ, 2024 жылы Парламент балабақшаларды лицензиялау туралы заңды қабылдады.