Бұл туралы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Ол тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесіп, сауда нысандарын аралады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді.
Кездесулерде ішкі және электрондық сауданы дамыту, инвестиция тарту, отандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту және бағаны тұрақтандыру мәселелері қаралды.
Саланы дамыту үшін 2026–2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Құжатта сегіз бағыт бойынша 21 іс-шара қамтылған. Жалпы құны 35,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Биыл өңірге ішкі сауда саласындағы жобаларды субсидиялауға 584 млн теңге бөлінді. Жалпы несие көлемі 843 млн теңге болатын сегіз жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Ал 2027 жылы үш сауда базарын жаңғырту жоспарланып отыр.
Осыған байланысты облыс әкімдігіне кәсіпкерлермен жұмысты күшейтіп, оларды жол картасындағы іс-шараларды іске асыруға тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен пайдалануға ынталандыру ұсынылды.
Бизнес өкілдерімен кездесуде Айжан Бижанова отандық өнімді сауда желілерінде ілгерілетудің жаңа талаптарын түсіндірді. 20 қазаннан бастап қазақстандық тауарларға әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын бөлу талабы қолданылады. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда нысандарында бұл көрсеткіш 50%-ға дейін ұлғайтылды.
-Біздің міндетіміз – қазақстандық өндірушілерге сауда инфрақұрылымын қолжетімді етіп қана қоймай, олардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыру, – деді бірінші вице-министр.
Ол қазақстандық ірімшікті ілгерілету жобасын мысалға келтірді. Жоба мемлекеттік қаржы тартылмай, маркетингтік тәсілдер арқылы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, өнімді сөрелерде ерекше орналастыру, дыбыстық хабарландырулар тарату және тұтынушыларға тауар туралы ақпарат беру әдістері қолданылған.
Вице-министр отандық өндірушілерді сауда желілерімен бірлесіп, осы тәжірибені басқа тауар санаттарына да енгізуге шақырды. Оның айтуынша, өндірушілер өнімінің танымалдылығын арттырып, тұрақты сұраныс қалыптастыруға өздері де мүдделі болуы керек.
Кездесуде «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан AgroTrade электрондық сауда алаңының жұмысы да талқыланды. Қазір платформада бес елден 528 қатысушы тіркелген. Экспорттық жеткізілімдер көлемі 1,5 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл алаң Павлодар облысының өндірушілеріне өнім өткізу географиясын кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Айжан Бижанова отандық тауар өндірушілерді ұлттық стандарттарды әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды. Ұлттық стандарттар өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ішкі нарықты сапасыз импорттан қорғауға бағытталған маңызды құралдардың бірі ретінде аталды.
Өңірдегі баға тұрақтылығы да назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,8%-ға өскен. Республикалық көрсеткіш – 2,1%. Өндірушілердің өнімін делдалсыз өткізуіне жағдай жасау мақсатында облыста 536 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жұмыс сапары аясында бірінші вице-министр Greenwich гипермаркетіне барды. Мұнда сатылатын тауарлардың 50%-дан астамы – отандық өнім. Сауда желісінің басшылығымен жергілікті өндірушілердің тауарларын одан әрі ілгерілету мүмкіндіктері талқыланды.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодарда сауда ережесін бұзған кәсіпкерлерге 4,5 млн теңге айыппұл салынды.